***
«Қазақстан экономикасы әлемдік дағдарыстан сүрінбей өтіп, дамудың жаңа баспалдақтарына қадам басты. Оны биылғы жылдың экономикалық табыстарынан да, қаржы саласының тұрақтануынан да анық байқауға болады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Ел рейтингі көтерілген жыл» деген мақаласында.
Басылымның жазуынша, жақында Standard & Poor's (S&P) халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімге арналған тәуелсіз несиелік рейтингін тағы да жоғары бағалады. Атап айтқанда, еліміздің шетелдік және ұлттық валюталар бойынша міндеттемесін тиісінше «ВВВ-» және «ВВВ»-дан «ВВВ» және «ВВВ »-ке дейін көтерді. Сонымен бірге, қысқа мерзімді тәуелсіз кредиттік рейтинг міндеттемелері бойынша шетелдік валюта рейтингі «А-3» және ұлттық валюта бойынша рейтинг шкаласын «kzAAA» дәрежесіне дейін көтерді. Ал ұлттық валюта бойынша қысқа мерзімді тәуелсіз несие рейтингі міндеттемесі «А-3»-тен «А-2»-ге дейін арттырылған.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған келесі мақала биыл 1-2 желтоқсанда Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет және үкімет басшыларының Саммитіне арналған. Тақырыбы -«Хельсинкиден Астанаға дейін: Бейбіт дамудың күрделі жолы». «Бұл форум тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар, ұйымның барлық мүшелері үшін де аса маңызды оқиға болды. Алғаш рет бұл ұйымның азиялық бөлігінде және Еуразия құрлығының орталығында бұдан кейінгі кезеңдегі бейбіт дамудың барынша тиімді жолдарын айқындау мақсатында әлем мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың жоғары өкілдері арасында толық көлемді саяси пікір алмасу жүзеге асты. ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті тек әлемдік мұхиттардың су кеңістіктері арқылы территориялық шектелген, барынша ауқымды координаттарда теңдестірілген қарым-қатынастардың дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды», - делінген мақалада.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде «Ел тұрақтылық пен татулықты қалайды», деген тақырыппен мақала басылды. «Жаңа жыл қарсаңында Ерлан Сыдықов бастаған бастамашыл топтың өкілдері журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуы бойынша, бүгінге дейін республиканың әр аймағынан 314 621 қол жиналған. Қол жинау барысында еліміздің Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары алда келеді. Нақтырақ айтсақ, Кенді Алтай өңірінің жұртшылығы 34 мың қол жинаса, ал Алматы 33 237 қол жинаған. Қаңтардың 10-11-іне дейін Қазақстан халқының 2 миллион қолын жинауға кәміл сенеміз, - деді Ерлан Батташұлы. Президент өкілеттілігін 2020 жылға ұзарту жөнінде референдумды өткізу бастамасына Қазақстанда тұратын сан алуан ұлттың өкілдері белсене араласып, ынталы топ өкілдеріне телефон арқылы хабарласып, ыстық ықыластарын білдіруде»,-делінген мақалада.
«2010 жыл қандай оқиғалармен есте қалды?». «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде осындай тақырыппен шыққан мақалада елімізге есімдері танымал бірқатар азаматтар өтіп бара жатқан барыс жылының айшықты оқиғаларына қатысты өздерінің пікірлерін білдірген. Мәселен, Заң ғылымдарының докторы, академик Cұлтан Сартаевтың пікірінше, 2010 жыл біздің республикамыз үшін өте қуанышты әрі ұмытылмас, сондай-ақ бақытты жыл болды. Өйткені елордамыз - Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті өтті. Астана саммиті арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның өркениетті һәм мәдениетті ел екендігі айқын таныды. Бұл - біздер, қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе! Осынау мәртебелі халықаралық шара еліміздің көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси, экономикалық-әлеуметтік, мәдени мәселелерді шешудегі көсемдігі мен шешендігін, қайраткерлігі мен көрегендігін және қарым-қабілетінің аса зор екендігін айқын аңғартты. Тағы бір оқиға, республика тұрғындарының Елбасыға үлкен сенім артып, оның президенттік өкілеттігін ұзарту жөнінде жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдауы дер едім. «Өз басым мұны ұлағатты да, парасатты шешім деп бағалаймын. Өйткені бұл - тәуелсіз қазақ елінің экономикалық-әлеуметтік, мәдени дамуы жолындағы игілікті істің жарқын бастамасы деп білемін!», - дейді академик.
Экономика ғылымдарының докторы Оразәлі Сәбденнің пайымдауынша, 2010 жыл еліміздің саяси өмірінде тарихи оқиғаларға толы болды. Бірінші - Қазақ елі құрамына әлемдегі 56 ел кіретін ЕҚЫҰ-ның (ОБСЕ) тізгінін қолына алды. Екінші осынау халықаралық ұйымды «тізгіндеп» қана қоймай ЕҚЫҰ-ның Астанада өткізіп, толғақты мәселелердің талқылануына түрткі болды. Еліміз тарихында тұңғыш рет Астана декларациясы қабылданды. Бұл - Қазақстан үшін аса үлкен әрі маңызы зор тарихи оқиға! Одан соң бастамашыл халқымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаетың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуға байланысты референдум өткізу қажеттігі туралы шешім қабыдап отыр. Бұл еліміздің әлемдік саясат сахнасында биіктен көрінуіне зор мүмкіндік береді.
Сондай-ақ осы мақала аясында Қазақстанның халық артисі: Нұржұман Ықтымбаевтың және Мәжіліс депутаты Гүлмира Есімбаеваның да пікірлерін біле аласыздар.
***
«Мемлекет басшысының атына ел азаматтарынан Астана Саммитінің жоғары деңгейде өтуіне және Тәуелсіздіктің 19 жылдығына байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымда жазылғанындай, Мемлекет басшысының атына Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы Жамбыл Дүйсеновтің Елбасына арнаған «Періште-тілек» атты өлеңі келіп түсті. Сондай-ақ Елбасының атына Алматы қаласынан А.Қырықбай, А.Ақанова, Г.Байбақова, Б.Құлшынбаев, Г.Көбеева, М.Садуақасова, т.б. жастар атынан жолданған құттықтау хатта Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі Тәуелсіздіктің нақты жемісі екені айтылады. Сондай-ақ Жамбыл облысының тұрғыны З.Қамшыбаев өз хатында ЕҚЫҰ Саммитін табысты өткізудің нәтижесінде қазақ халқын күллі әлем танығанын мақтанышпен жазады. Ал Тараз қаласының тұрғыны А.Дүйсенбекова ЕҚЫҰ Саммиті жоғары деңгейде өткенін айтып, Елбасы және Тәуелсіздік туралы жыр жолдарын жолдаған.