«Ел сенімін ақтау - парыз» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 10 қаңтар, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі Азамат Әбілдаевтың «Іске көшейік, жұмылып жұдырықтай» деген тақырыппен мақаласы жария етілді. Мақала авторының жазуынша, Президенттің Қазақстан хал­қына арнаған әр жылғы жолдауларының жүзеге асырылуы нәтижесінде еліміз әлемдік өркениеттегі өзінің лайықты орнын айқындады. Осыдан он жеті жыл бұрын қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасы Қазақстанды егемен мемлекет ретінде дамыту мен өркендетудің негізгі локомотиві болды. Әрбір Жолдауында өт­кенді саралап, болашаққа бағдар жасай отырып, Үкімет алдына жаңа міндеттер жүктейтін Елбасы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену міндетін қой­са, 2012 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның рей­тингі бойынша Қазақстан 51-орынды иеленіп, қарқынды дамып келе жатқан елдердің бестігіне енді. «Мемлекет басшысы жария­­ла­ған жеті бағыттың не­гізгі бағытының бірі кәсіп­керлікке арналып «Ұлттық эко­но­ми­ка­мыздың жетекші күші - кә­сіпкерлікті жан-жақты қолдау» деген та­қы­рыппен екінші бөлімде назар аудартады. «Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады. Іскерлік мәдениетінің деңгейін көтеру мен кәсіпкерлік бастаманы ынталандырудың маңызы үлкен», деп бағалаған Елбасы мемлекет барлық проб­лемаларын шешіп беруін күтпей, әркім өзін бизнесте сынап кө­руге, елде жасалып жатқан экономикалық өзгерістерге то­лыққанды қатысушыға айналуына жағдай туғызу қажеттігін айтады. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс екендігін ескертіп, оған қажетті шараларды да көрсетіп отыр», - дейді автор.

Жаңа жыл жаңа басталды. Содан да өткен жылғы басты оқиғалар ойға орала береді. Сондай оқиғаның бірі, америкалық аса беделді «Тime» журналының журналистері мен сарапшыларының пікірінше, Рим папасы Францисктің жыл адамы болып таңдалуы болып табылады. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Папа Франциск - жыл адамы» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, бұл таңдауды көп жұрт таңдана қабылдады. Бірақ орынсыз деген ешкім жоқ. Таңдаудың басты себебі: Буэнос-Айрестің архиэпископы кардинал-иезуит Хорхе Марио Бергольдің Рим папасы қызметіне сайланғанына әлі жыл да толмаған, тоғыз айдың ішінде әлем таныған қайраткерге айналуы. Католик шіркеуінің табынушыларын ғана емес, басқа да конфессия өкілдерін, тіпті, құдайсыздарды да мойындатты. «Несімен? Адами қасиет­тері­мен. Ең алдымен, қарапайым­дылығымен. Ол Рим папасына көрсетілетін қымбат салта­наттан бас тартты. Ерекше жаб­дық­талған «папамобиль» деп аталып кеткен қымбат көліктің орнына көпшіліктің қолы жетімді Ford Focus көлігін мінуді жөн көрді. Апостол сарайындағы өзіне арналған аппартаментке де бармай, қонақтарға арналған Santa Martha үйінен жай орынға жайғасты», - делінген мақалада.

***

«Жаңа жылдағы алғашқы заң жобалары ендігі құпталды. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен биылғы бірінші жалпы отырыстарында Мәжіліс депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәселелер бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады», - деп жазады «Айқын» газеті «Заң жобалары бекітілді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, тиісті заң жобасын қарау барысында қалаулылар бір ұсыныс енгізген екен, ол қатыгездік салдарынан «өмірлік қиын жағдайға» душар болған балаларды көмек көрсету ұйымдарына, дағдарыс орталықтарына қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы жобадағы өзгерістерге сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер енді тиісті көмекті тұратын жеріне қарамай, ала алады. Бұған дейін олар тек тұрғылықты мекенжайы бойынша көмек көрсету ұйымдарына жүгінуге мәжбүр болатын. Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл Үкімет басшысы Серік Ахметов пен Бас прокурор Асхат Дауылбаевқа жүгінді. Қалаулы жақында аймақтарға барып, халықтың мұң-мұқтажын біліп қайт­қанын, сонда «айрандай ұйып отырған ауылдардың бірлігін діни ағымдардың бұзып отырғанына» қаныққанын жеткізді. Бұл мәселенің уақыт өткен сайын ушығып бара жатқанын ашық айтқан ол «ел қауіпсіздігіне үлкен қатер төніп тұрғанын» ескертеді. «Бүгінде уаххабтік жолдағы мис­сионерлер қазақтың тарих бойы жинақ­талған, болмысына айналған мұсылман­дық түсінік-танымын жоққа шығарып бағуда. Бұл - зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру сая­сатынан да асып түсетін қасірет. Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылмандықты қабылдаған ел сияқты көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жер­лерде Алла­ның атынан сөйлеп, халықты қалыпты діни сенімі мен танымынан бездіруге жұмыс жүргізуде. Демек олар қазақтың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжіри­бесін жоққа шығаруды мақсат еткен. Бұл нағыз револю­циялық тенденция», - деді Б.Смағұл.

Осы басылымда мемлекет қайраткері, Сенат депутаты, палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімовамен арадағы сұхбат «Ел сенімін ақтау - парыз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Қазақстан гендерлік теңдікте БҰҰ белгілеген «Мыңжылдық мақсаттарына» қол жеткізген мемлекет саналады. Әрине, біз бірқатар скандинавиялық елдермен өзімізді салыстыра алмаймыз: оларда партиялық квота арқасында билікте ерлер мен әйелдер тең ұсынылады. Біздің елімізде мұндай партиялық квота жоқ, тиісінше, жоғары лауазымдарға әйелдер өздерінің біліктілігіне, тәжірибесіне, дарынына қарай келеді. Біле білсеңіз, осыдан-ақ біздің елімізде әйелдердің сайланбалы ірі лауазымдарға келу мүмкіндігі анағұрлым жоғары: елу пайыз емес, одан да көп үлеске ие болуы ықтимал. Яғни, бұл кемшілік емес, керісінше, мүмкіндік. Себебі, Қазақстанда электораттың басым көпшілігін әйелдер құрайтынын ұмытпауымыз керек», - дейді.