Ел шекарасы қаншалықты қорғалған
АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі жағдай шекара қауіпсіздігіне де жаңа талаптар қойып отыр. Қазақстан шекарасы қаншалықты қорғалған? Шекарашылар алдында қандай мәселелер тұр? Бұл сауалға ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбатында атап өтті.
Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету де Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басым бағыттарының біріне жатады. Терроризм, заңсыз көші-қон және есірткі айналымы қаупінің өзектілігі жағдайында шекара қызметінің жұмысы үнемі жетілдіріліп отыр.
— Бүгінде Шекара қызметі әлдеқайда мобильді, заманауи талаптарға сай әрекет етеді және еліміздің шекараларын сенімді қорғайды.
2025 жылдың басынан бері шекарашылар 14,6 мыңнан астам шекаралық режимді бұзған адамдарды ұстады. Қару мен оқ-дәріні елге заңсыз әкелудің 475 әрекетінің жолын кесті, заңсыз 14 млрд теңгеден астам шетел валютасын алып өтпек болған жағдайларға тосқауыл қойды.
Қазір озық технологиялар енгізіліп жатыр. «Астана», «Алматы» әуежайларында және «Қордай» автомобиль өткізу пунктінде автоматтандырылған шекаралық бақылау жүйелері іске қосылды. Бақылау жасанды интеллект пен автоматтандырылған дерекқорларды қолдану арқылы күшейтілді. Бұл тәжірибе алдағы уақытта барлық шекара бойында жалғасады, — деді Ермек Сағымбаев.
Үкіметтің қолдауымен 10 автомобиль өткізу пунктінің заманауи инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар аяқталған соң, олар заманауи бақылау құралдарына негізделген тиімді, қауіпсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
— Барлық өткізу пункті бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріліп жатыр. Бұл ереже бұзуды жедел анықтауға және азаматтардың шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Басты мақсат — қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, артық бюрократиялық кедергілерді болдырмау. Бұл әсіресе трансшекаралық сауда мен туризмді дамыту үшін маңызды.
Сонымен қатар шекара инфрақұрылымын және инженерлік жабдықтарды жетілдіруде бірқатар мәселелер де бар. Бұл жұмыстар өте күрделі әрі қомақты қаржыны талап етеді. Ол кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр, — деді ол.