Ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын - Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі. Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын. Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі екендігінбаса айтты.

«Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер. Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор табысқа жетеді деп сенемін! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін«, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.