Ел тарихында алғаш рет екі педагог «Қазақстанның еңбек ері» атанды

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер, құтқарушылар және жұмысшылар марапатталды. Биыл еліміздің тарихында алғаш рет екі педагог – Гүлжанар Нұрпейісова мен Эльмара Траисова «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Kazinform агенттігі қос мұғалімді құттықтап, салтанатты жиыннан алған әсерін сұрады.

«Мен Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатында математика пәнінен сабақ беремін. 1980 жылы Қыздар педагогикалық университетінің Математика факультетін бітіріп, 21 жасымнан бастап, осы салада еңбек етіп келемін. Жалпы еңбек өтілім – 41 жыл болса, 26 жыл бойы арнайы мектеп-интернатта мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп келемін», - деді Г. Нұрпейісова агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмара Траисова 35 жылға жуық уақыт бойы Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Оның айтуынша, «Еңбек ері» атағы үлкен тосынсый болды.

«Сенбі күні бізге хабарласып, Президентпен кездесу өтетіні айтылды. Мұны білім саласына қатысты жиындардың бірі деп ойладық. Ал бүгін «Қазақстанның Еңбек ері» деп, барша республикаға атымызды жариялағанда қатты таң қалдық. Менің зейнетке шығуыма 4-5 жыл уақыт қалды ғой, сондықтан ғұмыр бойы айналысқан еңбегімнің ақталғанына, бағаланғанына қуандым. Қарапайым мұғалімнің Астанаға, Ақорда келіп, Президент қолынан марапат алатынын армандамаған да шығармын. Біз арқылы Президент Қазақстанның барша мұғалімдерінің еңбегін бағалады деп ойлаймын», - деп ой бөлісті Э. Траисова.

Мұғалімдерді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қабылдап, оларға Ы. Алтынсарин төсбелгісін тарту еткен.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Бүгінгі күн тосынсыйларға толы болды. Толқып та тұрмыз. Алған атағымыздың, медаліміздің жауапкершілігі де зор екенін білеміз. Сондықтан осы марапаттарымызға барынша лайықты жұмыс істеуді жалғастырамыз. Балаларды біліммен, тәрбиемен сусындатуға бар күшімізді жұмсаймыз. Ақын Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі» деп айтып кеткен еді. Кейінгі кездері мұғалімдер беделі төмендеп қалған кездер болды. Осыдан бес жыл бұрын Педагог мәртебесі туралы заңға қол қойылып, мұғалімдерге құрмет артты, жағдайы жақсарды. Бүгінгідей елеулі марапаттар беріле бастады. Ұстаздардың жүктемесі азайып, өзіне тән емес функциялардан, қоғамдық жұмыстардан босатылды. Енді тек сапалы білім беруіміз керек», - деді Г. Нұрпейісова.

Айта кетейік, «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағын алған төрт адамның үшеуі – ғылым мен білім саласының өкілдері.

«Мұның бәрі ғылым мен білімді дамытуға, ғалымдар мен ұстаздардың мәртебесін көтеруге қатысты нақты іс-шараларды жоспарлы түрде жүргізіп жатқан Президент саясатының бірізділігін көрсетеді. 137 мұғалім мен 80 ғалымның марапатталуы – мемлекеттік саясаттың озық ойлы қоғамды қалыптастыруға, жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын насихаттауға бағытталғанын айғақтайды», - деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Телеграмдағы каналында. 


Еске салсақ, бүгін Президент Жарлығымен Республика күніне орай ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер, құтқарушылар және жұмысшылар марапатталды.

Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі.