Басталғанына 11 ай болған шара барысында есімі елге танымал азаматтарға «Қоғамдық қызмет», «Бизнес», «Ғылым», «Мәдениет және өнер» және «Спорт» аталымдары бойынша берілген дауыс саны 20 мыңға жуықтап қалыпты.
20let.kz сайтының деректеріне сәйкес, дауыс беру нәтижелері бойынша «Ғылым» аталымы көш бастап келеді. Интернет және ұялы байланыс арқылы смс жіберген 5044 азамат А.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының бас директоры, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Еділ Ерғожинді ғылым саласындағы «ел тұлғасы» деп санайды. Екінші орында да - химик. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жану пробелмасы институтының директоры, профессор, академик Зұлқайыр Мансұровтың жинаған дауыстар саны - 3975. Үштікті Еуразиялық математикалық институттың директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұхтарбай Өтелбаев 2884 дауыспен тұйықтап тұр.
Келесі көп дауыс жинаған аталым - «Мәдениет және өнер». Ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Қанапиянов 932 дауыспен бірінші орынға шықса, 579 дауыспен ақын, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов екінші, ал Қазақстанның халық әртісі, әнші Роза Рымбаева 357 дауыспен үшінші орынға тұрақтаған.
«Спорт» аталымында ең мол дауысты, нақты айтқанда 437 дауысты боксшы, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев иелеген. Одан кейінгі орындарда 341 дауыспен Бейжің олимпиадасының чемпионы, зілтемірші Илья Ильин және 279 дауыспен Қазақстанның ең үздік спортшыларының бірі Самат Смақов тұр.
«Қоғамдық қызмет» аталымында 314 дауыс жинаған Қазақстанның халық ақыны Мұхтар Шаханов көш басында. Одан кейінгі орындарға 207 дауыспен «Саяси тәуекелдерді бағалау тобы» консалтингтік ұйымының директоры Досым Сәтбаев пен 103 дауыспен танымал саясаткер Болат Әбілов жайғасқан.
Бизнестің тасын өрге домалатқандар үштігіне 282 дауыспен танымал кәсіпкер Нұрлан Смағұлов, 227 дауыспен «Казкоммерцбанк» Директорлар кеңесінің төрағасы Нұржан Сұбханбердин, 188 дауыспен «Райымбек групп» ЖШС-нің президенті Райымбек Батталов кіріп отыр.
Айта кетейік, Exclusive іскерлік журналы, Stosorok.kz қызметі және Kcell ұялы байланыс операторы ұйымдастырып отырған бұл байқауға дауыстар вКонтакте, Facebook, Одноклассники және МойМир сынды әлеуметтік желілерде электронды пошта және смс арқылы қабылданады.