Ел тұрмысы түзелсе, өрісі де кеңейеді - Бақыт Смағұл

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елдің тұрмысы түзелсе, өрісі де кеңейеді. Ақмола облыстық «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл бүгін Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтылған Президенттің әлеуметтік бастамаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақыт Смағұлдың айтуынша, жаһан өркениетке ұмтылып, қарыштап дамып жатса да, алпауыт елдердің өзі әлеуметтік тоқырауларды бастан өткеруде. Бұған соңғы кездері әлемді жайлаған қаржы дағдарыстары жан-жақты ықпал еткенін айту керек. Қазақ елі де бұл аяққа оралғы болған кедергілерден сырт айналып кете алмады. Себебі, бұл біртұтас дене іспетті. Әлемдік экономиканың зардабынан әркім өзінше жол табуға тырысып бағуда.

«Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде осы жайларға кеңінен тоқталып, қазіргі қоғамды толғандырған әлеуметтік мәселелерді шешу міндеттерін белгілеп берді. Ең алдымен көпбалалы отбасылар, аз қамтылған әулеттер және әлеуметтік қорғауды қажет ететін топтарға мемлекеттік қолдау жасаудың қаржылай тетіктерін жақсарту аса маңызды екенін атап көрсетті. Қазақстан Ұлттық банкі жүргізген сараптама қорытындысына сүйенсек, сауал қойылған 1500 респонденттің 56,5 пайызы өткен жылы отбасының материалдық жағдайы еш жақсармағанын, ал, 27,1 пайызы керісінше құлдырай түскенін айтады. Сонымен бірге, отбасы табысының 40 пайызын тамаққа жұмсаса, 15 пайызы 40 мыңнан 70 мыңға дейін ғана жалақы алатындарын ортаға салды. Бұл - Ұлттық банктің зерттеуі бойынша анықталған деректер. Елбасы ендігі уақытта әлеуметтік саясатқа ерекше назар аударылатынын тегіннен-тегін айтып отырған жоқ», - дейді Бақыт Смағұл.

Сонымен қатар, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы жергілікті жердегі тұрғын үй саясаты да осыған бағытталуы керек екенін сөз етті.

«Батыс елдеріндегідей жалға берілетін үйлер саны кемі 70-80 пайызға жеткізілуі тиіс. Ол үшін осындай жалға берілетін үйлер салуды жандандыру аса маңызды дер едік. Бұл ұзақ жылдар үй кезегінде тұратындардың да мәселесін шешуге жол ашар еді. Астанадағы қайғылы оқиғаның астарында да әлеуметтік мәселенің шеілмеуі жатыр. Сондықтан, алдағы уақытта жаңа Үкімет бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, барынша жақсарта беруге жауапкершілік атқарады деп ойлаймыз», - деп түйіндеді Бақыт Смағұл.