Ел туын биік ұстап, әлемдік додада топ жаруды армандаймын - Р.Исалиев

None
Л. 19 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қысқы Азия ойындары аясында Алматы қаласында биыл тұңғыш рет допты хоккейден жарыс ұйымдастырылғаны мәлім.

Негізінен «Ақжайық» командасының ойыншыларынан жасақталған Қазақстан құрамасы алтыннан алқа тақса, шабуыл шебінде жасындай жарқылдаған Рауан Исалиев қарсыластар қақпасына 23 доп соғып, күллі елдің сүйікті ойыншысына айналды.

Тіпті Азия ойындарының жабылу салтанатында Рауанның Қазақ елінің көк байрағын желбірете көтеріп шығуы жарасып-ақ тұрды. Қазіргі кезде Орал қаласында демалыста жүрген Р.Исалиев өз өмірі мен спорттық жолы туралы ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

Рауан 1988 жылғы 13 мамырда Оралда шыр етіп, дүниеге келген-ді. 1994 жылы отбасы жағдайымен Теміртау қаласына қоныс аударып, алты жасында мектепке барды. Үй мұз айдыны сарайы жанында болғаннан кейін анасы, кейін мәпелеп өсіріп қана қоймай, спорттағы ең басты жанкүйеріне айналған Гүлбара ұлын жетелеп, осында әкелді. Сөйтіп ол алты жасында қолына таяқ ұстап, балалар бапкері Владимир Жирновтың басшылығымен шайбалы хоккейдің қыр-сырына қаныға бастады. Бұл өнерін Қарағанды қаласына көшкенде де тастаған жоқ. Тек 1998 жылы Орал қаласына келгеннен кейін допты хоккейге біржола бет бұруына тура келді. Өйткені Оралда шайбалы хоккей үйірмесі жоқ болатын. Рауан №21 орта мектепте білім ала жүріп, «Жастық» стадионына барып, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тер төкті. Мұндағы бірінші бапкері есімі допты хоккей жанкүйерлеріне жақсы таныс Михаил Комков еді. Құрдастарына қарағанда, оңқай асықтай ұшқырлығымен бірден көзге түскен Рауан он төрт жасында-ақ Оралдың бас командасына шақырылды. Бұл кезде қазіргі «Ақжайық» «Қарашығанақ АГС» деп аталатын еді. Бапкері халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сәкен Нұғманов болатын. Талай рет Батыс Қазақстанның туын биік ұстаған, Азиадада алтыннан алқа таққандардың басым көпшілігі осы Сәкеннің шәкірттері еді.

Он алты жасында спорт шебері атанған Рауан «Ақжайық» құрамында Ресей чемпионатының бірінші лигасында алты маусым бойы өнер көрсетіп, 67 доп соқты. Шабуыл шебінде шебер ойнайтын жастың ел құрамасын жаттықтыратын Александр Ионкин бастаған мамандардың көзіне түспеуі мүмкін емес-ті. 2004 жылы Оралда Швеция, Ресей және Қазақстан командаларының қатысуымен халықаралық жарыс өтіп, Рауан аз уақытқа болса да айдынға шыққан еді. Ал 2007 жылы Кемерово қаласында өткен әлем біріншілігіне қатысып, қарсыластар қақпасына екі мәрте доп соқты. Содан бері дүниежүзілік додаларға үзбей қатысып келеді. Қанжығасы құр кетіп көрген жоқ, әйтеуір. Тек командасымен бірге жүлде алмағанына қынжылады. Әсіресе, ойынның соңғы сәттерінде сусып кеткен медальдың өкініші естен кетпейді. Әлемде допты хоккейден көбінесе Ресей мен Швеция құрамалары алтын жүлде үшін таласса, олардың арасына кейде Финляндия хоккейшілері килігіп кетеді. Биыл да солай болды (негізі финдер мен қазақстандықтар қола жүлде үшін тайталасады). Қазан қаласында өткен әлем чемпионатының жартылай финалында сол финдерді жеңгенде, қазақстандықтар, алтынды айтпай-ақ қояйық, тұңғыш рет күміс жүлдеге қол жеткізетін еді. Аталмыш ойын 4:4 есебімен тең аяқталып, қосымша уақыт белгіленді. Міне, сонда финдер гол салып (ойын доп соғылған бойда тоқтатылады), жеңісті жұлып әкетті. «Сол сәттерде доп соғып, командама ұтыс сыйлайтын менің де мүмкіндігім болып еді. Әттең!.. Соны ойласам, өзегім өртенеді әлі», дейді Рауан. Иә, спортта бақ та шабатын кез болады. Дегенмен ол алда жеңісті күндердің келеріне сенеді. Әйтпесе сол қызыл доптың соңында атамекеннен жырақтап, Ресей қалаларында жалғызсырап жүрмес еді.

Қазақстанның өз біріншілігі болмағандықтан, мықты ойыншылар Ресей асып, сол ел чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсетуге мәжбүр. Олай етпейінше, шеберлік өспейді, өз қазанында қайнап, көппен бірге жүре береді. Рауан да сөйткен. 2008 жылы Архангельскіге жол тартып, «Водниктің» құрамында екі жыл ойнап, 26 гол соқты. Өткен жылы аяқ астынан Нижний Новгородтағы «Старттың» бас бапкері Алексей Дьяков телефон шалған. «Старт» - «Водникке» қарағанда мықтырақ, деңгейі жоғары команда. Сондықтан бұл шақыруға көп ойланбай келісті. Әрі үлкен шаһар, Оралға да аса алыс емес. Сөйтіп 2010 жылдың қыркүйегінде аталмыш қалаға келді. Әрине, бөгде қала, жаңа командаға бірден бейімделу оңай болған жоқ. Бір тәуірі, «Стартта» оралдықтар Леонид Бедарев пен Денис Мақсименко ойнайтын еді. Екеуі де - Қазақстан құрамасында бірге доп қуып жүрген сақа ойыншылар. Әсіресе, Леонид - «Старттың» белді хоккейшілерінің бірі. 2010-2011 жылғы маусымда ол команданың үздік ойыншысы атанды. «Олар мен үшін ағам іспеттес. Ұдайы ақылын айтып, жігерлендіріп отырады», дейді Рауанның өзі. Бастапқыда Р.Исалиевті «Старт» бапкерлері айдынға көп шығара қойған жоқ. Дегенмен А.Дьяков аталмыш хоккей клубының сайтында жарияланған сұхбатында Қазандағы әлем чемпионатынан кейін өзіне сене түскен қазақ ойыншысына алдағы уақытта көбірек мүмкіндік беретінін айтқан. Жалпы, осы маусымдағы кубок пен чемпионат ойындарында Рауан өз командасы үшін барлығы 18 доп соғып, ешкімнен кем еместігін дәлелдеді. Чемпионат команда үшін де сәтсіз болған жоқ. Ширек финалға шыққан «Старт» болашақ чемпион «Динамо-Қазанға» ғана есе жіберді. Биыл да үздік шыққан бұл команда сапында Ресей құрамасының мүшелері, сондай-ақ өзге елдердің бетке ұстарлары өнер көрсетеді. Сондықтан олармен мұз айдынында шеберлік таластыру оңайға түспегенмен, бір жақсысы, өзің де шыңдала түсесің.

Шілдеге дейін Жайықта болып, Оралға деген сағынышын басатын Рауан одан кейін қайтадан Нижний Новгородқа аттанады. Қара терге малшынып, тағы да тынбай жаттығу керек, әйтпесе көздеген мақсатқа жете алмайсың. Алдағы жылдың жүгі биылғыдан кем болмасы анық. Оның үстіне 2012 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет Қазақстанда, Алматы қаласында өтеді. Өз айдынында жігітке жеңісті қолдан беру жараспасы анық. Биыл Азиада алтынын сыйлаған «Медеу» мұз айдыны, бәлкім, әлем біріншілігінің жүлдесін қолға ұстатар. Бір айта кететін жайт, жасы келген ойыншылармен қош айтысқан Қазақстан құрамасы түгелдей дерлік жаңармақ. Демек, Рауан, Ескендір Нұғманов сынды жас ойыншылардың нағыз дер шағы. Әйтеуір Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алексей Никишов тізгінін ұстаған бас құрама барын салатын болады. Алматыда Азиада, әлем біріншілігі өтуіне орай соңғы кезде елде допты хоккейді дамыту бағытында серпіліс бар секілді. Кезінде керемет ойын өрнегін көрсеткен Алматының «Динамосын» қайта жаңғырту қажеттігі де айтылуда. «Ең болмаса «Ақжайық» Ресей чемпионатының жоғары лигасында ойнаса, елге оралар едік», дейді Р.Исалиев.

«Баласы бәйгеге шапса, анасы тақымын қысар», демекші, Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж директорының орынбасары, ҚР құрметті білім беру ісінің қызметкері Гүлбара Жұмалиева өз қызметі бастан асып жатса да, үнемі ұлын ойлап, алаңдап отырады. «Әйтеуір аман жүрсін, жарақаттың ауылын алыс қылсын», дейді ол. Оралдағы ойындарын қалт жібермейтін анасы Нижний Новгородқа да барып келген. Рауанның биылғы Азиададағы тамаша өнері тасқалалықтарды ерекше қуантты. Өйткені жігіттің нағашы жұрты осы ауылдан. Әжесі, биыл 85-тің биігіне көтерілетін Сәбира Мұстафина кезінде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып абыройлы қызмет атқарса, нағашы атасы, марқұм Ғайнолла Жұмалиев аудандық тұтынушылар қоғамын басқарып еді. Ата-әжесін үнемі үлгі тұтатын Рауанды нағашы ағалары Әлібек, Ғайсалар да қолдап отырады.

Оралдағы Еуразия академиясының экономика факультетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша бітірген Рауан әзірге спорттан өзге ештеңені ойламайды. «Мен допты хоккей шыңына жеттім деп есептемеймін. Жол әлі ұзақ. Бапкерлерімнің сенімін ақтау үшін шеберлігімді ұштаудан жалықпасым анық. Әлем чемпионаты сынды дүбірлі додаларда ел туын тағы бір көкте желбіретсем, одан басқа арманым жоқ», деп түйіндеді ойын Рауан Исалиев.