Ел Үкіметі жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бағдарламаны мақұлдады

None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ел Үкіметі жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бағдарламаны мақұлдады. Аталған құжатты бүгін Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев Үкімет мүшелерінің назарына ұсынды.

Оның атап өтуінше, бағдарламаның негізгі міндеті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және диверсификациялау болып табылады. Құжатта ішкі нарық сұранысын қанағаттандыру, өнім шығару және сыртқы нарыққа шығу міндеттері жүктелген. Қазіргі таңда аталған салада бірқатар проблемалар бар екендігіне тоқталған Б.Камалиев «олар негізгі қордың тозуы, экспорт үлесінің төмендігі, отандық өнімді тұтынушылар үлесінің мардымсыздығы және кадрлардың жеткіліксіз болып отырғандығы», деді.

Осыған орай салада бірқатар жүйелі шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, 2 техникалық регламент пен 50 мемлекеттік стандарт енгзілетін болады. Сертификаттар Кеден одағына мүше елдермен сәйкес үндестіріледі. Сондай-ақ ұлттық компаниялар, жүйе құраушы кәсіпорындар мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары арасында қысқа мерзімді сатып алу тетіктері әзірленбек.