Ел және біз туралы: Ақтөбеде «Хроникадан — болашаққа» кинолекторийі өтті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Президент телерадиокешенінің ауқымды ағартушылық жобасы үздік деректі фильмдерді ұсынды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Экологиялық проблемадан бастап туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті, азаматтық жауапкершілікті арқау еткен «Тамшы», «ARAL», «Серт» және «Құлалы аралындағы адам» фильмдері ақтөбеліктердің қызығушылығын тудырды. Бұл фильмдерде ел ішінде ерекше із қалдырған оқиғалар көрініс тапты әрі деректі кино өнері оны қаз-қалпында көз алдымызға әкеліп, ұсынды.

— Бұл фильмдер еліміздегі экология мәселесін, әлеуметтік тақырыптарды қамтыды әрі елдің болашағын айқындайтын жоба. Тек жоба емес, жастар, болашақ ұрпақ үшін құнды мұра, — деді Ақтөбе облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева.

«Тамшы» фильмін тамашалаған ақтөбеліктер Каспий итбалығын қорғап жүрген экоеріктілердің еңбегіне тәнті болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Халықаралық еріктілер жылында Каспий теңізін құтқару және оның бірегей эндемикалық түрі Каспий итбалығын сақтау жолындағы күрес — жанашырлықтың үлгісі.

Ақтөбелік Нарқозы Картжанның айтуынша, қазір қоғам еріктілердің ерлігі мен еңбегін түсінді, волонтерлік институт қалыптасты.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

— «Тамшы» фильмі «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сәтті түсірілген. Осыдан 10-15 жыл бұрын еріктілер қатарында жүріп, дәл осыны армандаған едік. Енді, міне, сол еңбектің жемісін бүгін үлкен экраннан көріп отырмыз. Ел мен жер үшін қызмет етіп жүрген адамдар бар және олардың еңбегі елеулі екенін білдік, — деді ол.

Нарқозы Қартжанның айтуынша, кейінгі жылдары тек Каспий бойында емес, еліміздің барлық өңірінде үлкен қозғаушы күш жұмылды. Олардың еңбегі адал және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып келеді. Қоқыс жинау, сенбілік жасау ғана емес, сана жаңғырды.

— Тазалық мәдениеті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Мен бұл дәстүрді сақтап қала алатынымызға сенімдімін. Бұл — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған ауқымды мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі, — деді Нарқозы Қартжан.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ал өмір бойы Арал теңізінде балық аулаған Күнтуған Тұрғынбаев туралы деректі фильм-портрет еңбек адамының қажырын көрсетеді. Оның тағдыры тұтас бір өңірді көз алдымызға әкеледі. Ол Арал теңізі тартылып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі қалай өзгергеніне куә болды. Бүгінде Қүнтуғанның табандылығы мен өз ісіне деген адалдығы үміттің символына айналды. Теңіздің қайта оралуымен болашаққа деген сенім нығайып келеді. Ақын Жұлдыз Қожабекованың айтуынша, фильмнің әрқайсысы әр көрерменге ой салды.

— Менің ойымша Күнтуған Тұрғынбаевтың бетіндегі әжімінің әр қатпары суы тартылған Аралды көз алдымызға әкеледі. Бір адамның өмірінде бүкіл Аралдың тағдыры жатыр. Фильмнен осыны көрдім, — деді ол.

Ақтөбеліктер үшін «Серт» деректі фильмінің де орны ерекше. Себебі 2024 жылы болған су тасқынын олар бастан өткерді. Бірақ олар жалғыз қалмады, ел жұмылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қамкөңіл қазақстандықтарды сабырға шақырды. Әр отбасы, әр адамға көмек берілетінін, ешкім де жалғыз қалмайтынын айтты. Расымен айналдырған бес айдың ішінде Президент тапсырмасы орындалып, адамдар қоныс тойын тойлады.

Фото: Ақтөбе облсының әкімдігі

Аты аңызға айналған тұлға Петр Лупенков туралы деректі фильм «Құлалы аралындағы адам» атаумен көрсетілді. Фильм Каспий теңізіннің шалғайдағы Құлалы аралындағы гидрометеорологиялық станция басшысының өмірі мен жұмысын баяндады.

Көрсетілімдерден кейін қала тұрғындары Деректі кино орталығының бас продюсері Әділбек Құламанмен кездесті. Олар фильмді түсіру процесі туралы көбірек біліп, сұрақтарын қойды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті телерадиокешенінің «Хроникадан болашаққа» атты республикалық кинолекторийі Қызылорда, Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларында, кейін еліміздің батыс өңірінде өтті.  Кинолекторий өткізу бағдарламасында Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалалары да бар.

Соңғы көрсетілім 25 қыркүйекте Алматыда өтеді деп жоспарланған.