Ел-жер аралағанда Қазақстанның әдемі жерлерін таныстырып, қонаққа шақыра жүреміз – саяхатшы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл тұрғыны Сайран Хамза – автокөлікпен саяхатты насихаттап жүрген жандардың бірі. Күн жылына салысымен ол өзі сияқты достарымен бірге темір тұлпарына отырып, жолға шығады. Автосаяхатты сүйікті ісіне айналдырған ол еліміздің батысын да, шығысын, оңтүстігін де – бар көрікті жерін аралап шыққан. Ал жақында «Памир -2024» экспедициясынан оралды.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты

- Сайран, сіз тәжірибелі саяхатшысыз. Саяхаттауға әуестік қалай пайда болды?

- Бір рет саяхаттап жолға шыққан адам алған әсерін ұмыта алмайды, үнемі қызықты сапарға тартады да тұрады. Менің жолдастарыммен автосаяхатым Балқаш көліне барудан басталды. Бес жыл қатарынан осы көлге келіп, балық аулап, шомылып, демалып кетіп жүрдік. Әр барған сайын біздің туриске қажет жабдықтарымыз көбейе берді. Кейін біздің Алтайға барып көреміз деп шештік. Осыдан кейін басқа да экспедициялар болды және жолымыз ұзара берді. Осы аралықта Қазақстанымыздың бар аймағын аралап өттік, кейде қолда барды бағаламай жатамыз.

- Осы уақытқа дейін қай елдерге бардыңыз?

- Жалпы 19 елді аралап шығыппын. Ал автокөлікпен біз Қазақстанмен шекаралас елдердің барлығына дерлік бардық. Олар – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, бүкіл Кавказды дерлік жүріп өттік. Түркияның бір бөлігі және Тәжікстанды аралап шықтық.

- Қазір сіз негізінен көлікпен саяхаттайсыз, неге?

- Бұрын отбасымен бірге теңізге жиі барып, демалатынбыз. Бірақ жағажай демалысы маған арналмағанын түсіндім. Барған жерімді көбірек аралап, сол ел жайында білгенді және жолда тәуелсіз болғанды ұнатамын. Сондықтан автокөлікпен саяхаттағанның мен үшін артықшылығы көп. 

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты

- Бірер күн бұрын «Памир-2024» экспедициясынан оралдыңыздар. Сапар жайында айтып беріңізші. Ұйымдастырушы кім, неге бұл бағыт таңдалды?

- Үш жыл бұрын саяхат барысында біз QazaqExpedition Club-тың мүшелерімен таныстық, бізге клубтың миссиясы ұнады. Ол – «Шекарасыз әлем, армандарымызды жүзеге асыра отырып, өмірімізді және басқаларды бақытты ету». Содан бері біз осы клубпен бірге саяхаттап келеміз. Бұл сапарды да осы клуб ұйымдастырды. Осы экспедицияның жетекшісі болдым.Маршрутты әзірлеу, сапарға қатысты барлық мәселені шешіп, оның ойдағыдай өтуін қамтамасыз ету менің міндетіме кірді.

Әдемі пейзажға толы және жолы оқтаудай түзу Шу трактінен өтіп бара жатқанда, бізге бұдан да керемет Памир трактісі бар екенін айтты. Ол – әлемдегі көрінісі әдемі және ТМД елдерімен өтетін ең биік тау жолдарының бірі. Осылайша біз алдымызға мақсат қойып, биыл 6,5 мың км жолды аман-есен артта қалдырдық.

Жалпы, клуб экспедициясының бір жылдық кестесін жасаймыз. «Памир-2024» экспедициясы – биылғы бірінші сапар. Бір мезгілде басқа топ Маңғыстауға экспедицияға аттанды, маусым айында Моңғолияға және сол жерден Якутияға экспедиция бар. Бұдан басқа радиалды экспедициялар болады, яғни Қазақстан бойынша қысқа сапарлар.

- Бұл сапардың мақсаты не?

- Ең бастысы жер көру, алыс сапардан әсер алу. Экспедиция барысында бауырлас елдерді бір шеңберге біріктіре алдық. Өзбекстан арқылы біз Тәжікстанға, сол жерден Қырғызстанға өтіп, кейін Отанымызға оралдық. Біз бауырлас халықтармыз, бізде ортақ нәрсе көп, дініміз бір. Тіпті, «Ассалаумағалейкүм» деп амандасып, «рақмет» деп алғыс айтуымыз да ұқсас. Осы елдерді аралап жүріп, біз ол жердің сұлулығымен танысып қана қоймай, Қазақстан туралы, біздің әдемі жерлеріміз туралы айта жүрдік. Жергілікті саяхатшылармен кездесіп, тәжірибе алмастық, қонақжай елімізді көруге шақырдық. 

- Үш ел – Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанды аралап өттіңіздер. Сізге қай ел ұнады?

- Бұл елдерді бір-бірімен салыстыруға болмайды, бәрі өзінше қызық. Өзбекстан өзінің бай сәулет тарихымен керемет. Самарқанның басты тарихи алаңы – Регистан, ондағы кесенелер, мешіттер, медреселер өте ұнады. Ал Тәжікстан арқылы өтетін Памир трактіне кіретін автомобиль жолы керемет әрі қауіпті екен. Тәжікстан Орталық Азиядағы ең кішкентай ел болып саналғанымен, Памирдің әйгілі және әдемі автомобиль жолы осы мемлекетті тұтастай дерлік басып өтеді. Айнала тау, табиғаты өте әдемі.

Тілі – өзбек және қырғыз тілдерінен айтарлықтай ерекшеленеді және парсы тіліне жақын. Тәжіктер өте қонақжай. Дүкендерде нақты баға көрсетілмеген, саудаласпасаң, олар ренжиді.

Бұл елде шетелдіктер мен қарттардан өзге ер адамдарға сақал қоюға тыйым салынған. Таулы Бадахшанның тұрғындары өздерін Ескендір Зұлқарнайынның ұрпағымыз деп санайды. Әдемі Ескендір көлі бар, аңыз бойынша әйгілі қолбасшы ол жерге жиі тоқтап отырған екен.

Тәжікстан осылай есімде қалды. Әсіресе арғы бетінде Ауғанстан орналасқан Пяндж өзенінің бойындағы жол есте қалды. Әлемдегі ең биік тау жолдарының үштігіне кіретін Ақ Байтал асуын 4655 метр биіктікте басып өттік. Қырғызстанның да табиғаты өте әдемі. Ол әсіресе Тәжікстанның тауларынан кейін қою жасыл алқаптарымен ерекшеленеді. Бұлттармен және тұман арқылы өтетін таңғажайып тау асулары да жолда болды.

- Жолда есте қалар жағдайлар немесе қауіпті сәттер болды ма? 

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағаты

- Экспедиция тыныш өтпейді деген түсінік бар. Әрқашан жолда оқыс жағдай болып жатады, ондайда біз «бәрі осымен аяқталсын!» деп тілейміз. Бұл экспедицияда бір көлігіміз істен шықты. Тәжікстанда таулы жерлерде жанармайға белгілі бір қоспалар қосылады екен. Салдарынан жол талғамайтын көліктің жанармай беру жүйесінде ақау пайда болды. Жарты күнге жолдан қалуға тура келді. Бірақ біздің экспедиция мүшелері – тәжірибелі жүргізушілер. Бәрін жөндеп, әрі қарай сапарымызды жалғастырдық.

Памир трактінің таулы жолдарымен жүру қауіпті болды. Жол тар, бір көлік қана өте алатындай. Қарсы келе жатқан көліктер көп, сондықтан биік жартастың шетінде жүруге тура келеді. Сонымен қатар тастар жиі құлап, жолды алып қалады. Мұндайда экскаваторлар мен бульдозерлер бұл жолды бірден жауып тастап, тазалайды. Біз жолдардың ашылуын күтіп, көп уақыт жұмсадық.

- Көпшілік көлікпен саяхаттағысы келеді, бірақ қорқады. Қандай кеңес берер едіңіз?

- И», көптеген адам өз көлігімен саяхаттағысы келеді. Сондықтан экспедицияға алдымен біз немесе басқа клуб мүшелерімен бірге баруды ұсынамын. Жолда тәжірибелі саяхатшылар көп нәрсені үйретеді. Олар сізге өзіңізбен бірге қандай жабдықтар, құрылғылар, азық-түлік пен тұрмыстық керек-жарақтарды алу керектігін алдын ала айтады. Мұндай саяхатта ешкімге тәуелсізсің, көп нәрсені көруге болады. Тағы бір маңызды әрі оңтайды тұсы – бұл жағажай демалысынан әлдеқайда арзан. Мысалы, біздің осы сапарымызда бір қатысушы қалтасынан небәрі 250 мың теңге шығарды.

- Енді қай елге барасыздар?

- Алдын ала болжап, жоспарлау қиын. Біз болашақ экспедицияларды қыстың басталғанда талқыға саламыз. Сонда қыстың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаласың. Арменияға, Әзербайжанға барып, кейін бүкіл Италияны автоүймен аралап өтуді жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, Қырғызстандағы Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауымен жүргіміз келеді.

- Әңгімеңізге рақмет!