Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұзартуға байланысты үндеуін тыңдап, күпті көңілімізді орнықтыра түстік, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінде Атырау облысынан «Күміс алқалы» ана Зарифа Мұқанбетқалиева. - Өйткені, Президенттің қол қоюына ұсынылған жаңа заң жобасында әйелдердің зейнет жасын 2014 жылдан бастап 6 ай қосу арқылы біртіндеп 63 жасқа жеткізу көзделген еді. Әрине, бұл елдің экономикалық, қаржылық ахуалын қиындатпау үшін маңызды болар, алайда, әйел-аналардың көпшілігі жаңа заң жобасының түпкі мәнін түсіне қоймағаны анық. Оның үстіне ауылдық жерлерде тұратын әйелдердің зейнетақы қорында жинақталған қаржысы да мардымсыз екені даусыз. Демек, жаңа заңды ел ішінде түсіндіруде, қолданысқа енгізілу мерзімін белгілеуде бір шикіліктің барын ішіміз сезіп еді.
Міне, осындай себептер аналардың алаңдаушылығын тудырып қана қоймай, тіпті кейбірінің өкпе-ренішке бой алдыруына түрткі болды. Аналардың ертеңіне алаңдаған осындай қиын сәтінде ел-жұрт Елбасының дұрыс шешім қабылдайтынына сеніп еді. Сол сенім алдаған жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа заңды әлде де талқылап, жетілдіре түсу үшін Парламентке қайтарғанын теледидардан тыңдадық. Сонымен бірге, әйелдердің зейнет жасын ұзартуды заң жобасында көрсетілгендей 2014 жылдан емес, 2018 жылдан енгізуді ұсынуының аналар үшін маңызы зор. Себебі, Елбасы ұсынған мерзімге дейін кей аналардың зейнетақы қорындағы қаржысын молайтуына мүмкіндік беріліп отыр.
Біздің көңілімізден шыққан және бір мәселе - жұмыс берушінің есебінен зейнетақы қорына 5 пайыздық жарнаның қосылатындығы. Ер азаматтарға қарағанда әйелдер көбінесе аз жалақы төленетін жұмыстарды атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, зейнетақы қорындағы қаржымызға 5 пайыздық жарна қосылып жатса, мұны аналар үшін жасалған қамқорлықтың бір көрінісі деуге болады. Енді жұмыс беруші есебінен қосылатын 5 пайыздық жарнаның төленуін қолданысқа енгізу кешеуілдемесе екен.