Еламанов ісі: Сот марқұмның туыстарының талабын қанағаттандырмады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қалалық соты әріптесінің қолынан ажал құшқан аға лейтенант Дархан Еламановты Ақмола облысы бойынша ІІД қызмет бабында қаза тапты деп тану және материалдық өтемақы өндіріп алу туралы туыстарының берген арыз-талабын қанағаттандырмай тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің дерегі бойынша, ағымдағы жылдың 25 қаңтарында Көкшетау қалалық сотында Дархан Еламановтың туыстарының оны қызмет бабында қаза тапты деп тану және материалдық өтемақы өндіріп алу туралы түскен арыз-талабын қарады. Сотта анықталғандай, қайғылы оқиға болған күні Дархан Еламанов өзінің табельдік қаруымен қызмет орнын тастап, Жәнібек Баймұрзинмен кездесуге шығып кеткен. Яғни, ҚР ІІМ бұйырығымен бекітілген ҚР Ішкі істер органдарының кезекшілік бөлімі және жедел басқару орталықтары қызметін ұйымдастыру ережесінің 22 пунктін бұзғаны дәлелденді.

Осыған байланысты, Көкшетау қалалық соты Дархан Еламановтың қызметтік міндетін өтеу кезінде емес, жұмыс уақытында опат болғанын, яғни, ҚР «Құқық қорғау органдары туралы» Заңның талаптары мен қызметтік ережені өрескел бұзғанын ескере келе туыстарының арыз-талабын қанағаттандырмай тастады.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 25 желтоқсан күні Көкшетау қалалық ІІБ қызметкері, аға лейтенант Дархан Еламанов кезекшіліктен шыққан соң, ізім-қайым жоғалып кетеді. Кейін Дарханды жабылып іздеген жақындары мен облыстық ІІД қызметкерлері бірер күннен кейін оның мүрдесін қала шетіндегі Кенесары ауылының маңынан табады. Күдіктіні ұстау үшін полицейлер марқұмның ұялы телефонын тексеріп, соңғы рет кімдермен сөйлескенін анықтайды. Кейін 26 желтоқсанда Ақмола облыстық ІІД қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында 2016 жылдың 25 желтоқсанында жоғалып кеткен аға лейтенант Дархан Еламановты өлтірді деген күдік бойынша полиция қызметкері 32 жастағы майор Жәнібек Баймұрзинді ұстайды.

Кейін оның қылмысы дәлелденіп, сот оны 18 жылға бас бостандығынан айырады. Оған қоса, зардап шеккен тарапқа 6 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттейді.