Мұндай тамаша мүмкіндікке елімізге танымал бірқатар азаматтар мен азаматшалар, атап айтар болсақ Мұрат Әбенов, Мақпал Исабекова, Айгүл Мүкей, Тұрсынбек Қабатов, Бейбіт Қорған, Қыдырәлі Болманов пен Ринат Заитовтар ие болды.
Көптеген таланттарды туғызған ұланғайыр қазақ елінің әр қыры сан мыңдаған тарихты бойына сақтап, миллиондаған адамдардың тағдырының куәсі болып келеді.
Бағдарламаның бас кейіпкерлері туған жерлеріне сапар шегіп, алғаш тұлға ретінде қалыптаса бастаған құтты мекендеріне қайта оралады. Қазіргі өмірдің шынайылығы мен бар сұлулығы жобаның бас кейіпкерлерінің көзімен беріледі. Жоба арқылы көрермендердер жұлдыздарымыздың өмірімен, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен өтене жақын таныса алады.
«Жоба арқылы Патриоттық рухты оятқымыз келеді, - дейді жоба продюсері Асхат Садырбай. - 2011 жылы алғаш көрсетілген бағдарлама көрермендер арасында қолдау тауып, үлкен сұранысқа ие болғандықтан жобаны қайта жаңғыртуға бел байладық. Бұл бағдарлама белгілі жетістіктерді бағындырып, биік шыңдардан көрінген тұлғалар үшін өмір кезеңдерін қайта жаңғыртқан туған жерімен қайта қауышуына үлкен мүмкіндік берсе, ауыл тұрғындарының танымал жанмен кездесуі жаңа жетістіктерге, биік мүмкіндіктерге талпынуға қанаттандырары сөзсіз. Біз 16 бағдарлама арқылы 16 кейіпкермен, 16 таңғажайып оқиғамен және 16 ерекше жерлермен таныстыруға тырысамыз. Бағдарлама әсерлі болып шығуы үшін реалити-шоудың элементтерін пайдалануға тырыстық. Мәселен, кейіпкердің қолына бейнекамера мен фотоаппарат ұстаттық. Бұл кейіпкерлерімізге туған өлкесін өздерінше таныстыруға мүмкіндік беру мақсатында жасалынды. Былтырғы бағдарламада кейіпкерлер жайлы көбіне үшінші тұлғалар сыр шертсе, енді бас қаһарман өз жайында өзі баяндайтын болады. Эмоцияға толы көріністер де жетерлік. Түсірілім кезінде «МұзАРТ» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев бірнеше рет қайтара түсіне кірген туған үйін көріп, көзіне жас алған еді. Мұндай шынайы сәттер барша көрермендерді бей-жай қалдырмасы анық».