Елбасы: 2013 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 6 пайыз деңгейінде күтіледі

None
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат -2013 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 6 пайыз деңгейінде күтіледі. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Индустрияландыру күні барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай айтты.

Cөз арасында Елбасы индустрияландыру аясындағы ілкі жобаларға тоқтала келе, мұнда ел тарихында бұрын болмаған жобалардың жүзеге асып жатқанын алға тартты. «Бұл біздің, барша қазақстандықтардың ортақ жеңісі. Сонымен қатар, бұның барлығы экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, қазақстандықтарды лайықты жұмыспен қамтамасыз етуге, жұрттың өмірі сапасы мен тұрмысын жақсартуға бағытталып отыр. Жүзеге асып жатқан осы жобалардың арқасында 2013 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімі 6 пайыз деңгейінде күтіледі. Әлемнің барлық мемлекеттері жапа шегіп отырған жаһандық дағдарыс жағдайында бұл аса маңызды көрсеткіш», -деді Н. Назарбаев. Президенттің айтуынша, биылғы инфляция 5 пайыздан аспайды, ал жұмыссыздық 5,2 пайыздан өспейді. «Бұл да жеңіске лайық көрсеткіш», - деді Елбасы.