Елбасы: 2015 жылғы шетелдік сапарларымның нәтижесінде $ 60 млрд. құрайтын 275 келісімге қол қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның сыртқы саяси қызметіндегі нәтижелерді айтты.

«Өткен жыл Қазақстанның белсенді сыртқы саяси іс-қимылымен белгіленді. Менің едәуір шетелдік сапарларым барысында әлемнің көптеген елдерімен 60 млрд. долларға жуық сомаға 275 экономикалық келісімге қол қойылды»,-деп тоқталды Елбасы.

Президент «Үлкен жиырмалыққа» мүше елдердің және өзге мемлекеттердің көптеген көшбасшыларымен кездесулер өткізгенін еске салып өтті. Осы орайда Н. Назарбаев олар Қазақстанмен көп жоспарлы ынтымақтастықты нығайтуда өзара қызығушылықты растағанын атады.

«Сіздердің ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлескен жұмыстарыңызда жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға екпін қоюға ұсынамын. Бұл өз кезегінде біздің қатынастарды нығайтып, мемлекеттерді жақындастырады. Осы мақсат-міндетті биылғы 3 ақпанда өткен кеңейтілген алқа мәжілісте ҚР Сыртқы істер министрлігі басшылығы мен елшілерге жүктедім»,-деді Мемлекет басшысы шетелдік дипломаттарға қаратып айтқан сөзінде.