Елбасы 22 тамызда Қырғыз Республикасында мемлекеттік сапарда болады

АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - 22 тамыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қырғыз әріптесі Алмазбек Атамбаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров мәлім етті.

Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланады.

Сапар бағдарламасында екі ел басшылары деңгейдегі Жоғары мемлекетаралық кеңестің үшінші отырысын өткізу жоспарланған, оның аясында Қазақстан-Қырғызстан стратегиялық әріптестігі бағыттарының болашағы талқыланады.

Келіссөздер нәтижесінде дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына және өзара мүдделерге бағытталған басқа да екіжақты құжаттарға орайластырылған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтық қарым-қатынастарды тереңдету туралы мерейтойлық Декларацияға қол қою көзделген.