Елбасы АИИБ-ны тауар ағынын арттыруға қаржыны белсендірек салуға шақырды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» форумының көшбасшылар дөңгелек үстелінде Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкін (АИИБ) тауар ағынын өткізуді жеңілдету бойынша жұмыстарды белсенді инвестициялауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жолдың («Бір белдеу, бір жол») артып келе жатқан транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін арттыру, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауарлық ағындарды өткізуді жүйелі жеңілдету қажет. Осы ретте Қазақстан нақты шараларды қабылдап жатыр», - деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымынша, бұл бағытта тиісті сараптама мен қаржыландыру керек.

«Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі бұндай бағдарламаларды белсендірек қаржыландыру тиіс деп санаймын. Бұл инвестициялар болашаққа негізделген», - деді Н. Назарбаев.

Еске салайық, Елбасы ҚХР-ға екі күндік сапармен барды. Онда ҚР Президенті Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі форумға қатысуда.

Оған 29 мемлекеттің президенттері мен үкімет басшылары, сондай-ақ БҰҰ, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының өкілдері  келді.