Елбасы Ақордадан өңірлердегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын бақылап отырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфрақұрылымдық жобалар бойынша барлық жиындарды шенеуніктердің жылы кабинеттерінде емес, құрылыс алаңдарында өткізу қажет. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Индустрияландыру күні аясындағы жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Инфрақұрылымдық жобалар бойынша барлық жиындар шенеуніктердің жылы кабинеттерінде емес, құрылыс алаңдарында өткізу қажет. Мен заманауи технологиялардың көмегімен кабинетімде экран қоюға тырысамын. Түймешегін басып, әрбір облыста не жасалып жатқанын көріп отырамын. Премьер-Министр де осылай істеуі тиіс. Сонда ғана нәтиже болады», - деді Елбасы.