Елбасы: Алдағы 5 жылда «Самұрық-Қазына» қорының 3 компаниясы «Fortune-500» тізіміне кіруі тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 5 жылда «Самұрық-Қазына» қорының 3 компаниясы «Fortune-500» тізіміне кіруі тиіс. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Трансформация форумы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«5 жылдан кейін қордың кемінде 3 компаниясы ірі «Fortune-500» компаниясы тізіміне кіре алады әрі кіруі де тиіс. Қазіргі уақытта рейтинте негізіннен батыс компаниялары кіріп отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасының атап өтуінше, мұндай компаниялардың жылдық табысы 5-тен 500 млрд. долларға дейінгі қаржыны құрауда.

«Дегенмен, соңғы уақытта азиялық компаниялардың да үлесі артып келеді. 2003-2014 жылдары аралығында бұл тізімдегі қытайлық компаниялардың саны 8-ден 95-ке дейін артты. Ал CNPC қытай мемлекеттік мұнай корпорациясы алғашқы бестікке кірді. Сондай-ақ тізімде 8 ресейлік компания да бар», - деді Н.Назарбаев.

ҚР Президентінің айтуынша, «Fortune» тізіміне кірудегі негізгі критерий табыс көлемі мен қаржы есептілігінің ашықтығы болып саналады.