Елбасы алдағы онжылдық даму бойынша жаңа мүмкіндіктерді айқындап, Үкіметке жаңа міндеттер жүктеді

None
bsp;АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Мемлекет Басшысының биылғы Жолдауы алдағы онжылдық даму белесін еңсеру бағытындағы негізгі басымдықтарды қамтып, «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты тақырып бойынша өрбіді.


Жалпы, Мемлекет басшысының 1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиясы Жолдауы жарияланғаннан бері аталған Стратегия ел дамуының негізгі бағыты ретінде алынып, оны жүзеге асырудың түрлі қағидаларына назар аударылып, еліміздің жүріп өткен жолдарына терең талдаулар жасалып, болашаққа қарай маңызды стратегиялық міндеттер қойылып келеді. 2000 жылдан бергі онжылдықта да бұл мәселеге ерекше назар аударылып, соның нәтижесінде қазақстандықтардың өмір сапасы артып келеді. Дегенмен, дүние дамуы күрделенген сайын, сол үшін қабылданған шаралар да әртүрлене түсетіні ақиқат. Бірақ Қазақстанның басты бағдары анық. Сондықтан да, келесі онжылдықты межелеп, оның ұзақмерзімді орындалу барысын пысықтап отырудың маңызы зор болмақ.

Осыған байланысты, алдағы 2020 жылға дейінгі даму басымдықтарын айқындаған Жолдауында Елбасы ең алдымен экономиканы жаңғырту мақсатында Үкіметке жаңа міндеттер жүктеп отыр. «Біз жаңа онжылдығымызды әлемдік деңгейдегі абыройлы тарихи оқиғамен бастап отырмыз. Мен біздің алдағы барша жетістіктеріміз осындай жарқын болады деп сенемін. Менің басты мақсатым - еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бүгінгі Жолдауым осыған арналған. «Қазақстан - 2030» стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат - осы Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау», деп бастады сөзін Елбасы. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өткенге де көз жүгірте отырып, бұдан бұрынғы еліміз бағындырған белестерді, жеткен жетістіктеріміз бен алапат дағдарысты еңсерудегі тәжірибелерді де шолып өтті. Өткенге көз жүгіртсек, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан -2030» Стратегиясы арқылы ұзақмерзімді жоспар, елдің негізгі мақсаты мен басымдықтары қалыптасып, бұл кейіннен 2010 жылға дейінгі даму стратегиясына айналды. Қазақстан өзі жоспарлаған межелерді бағындырды, тіпті кейбір маңызды көрсеткіштер болжанғаннан да сәтті игерілді. Мәселен, 2008 жылы республика ЖІӨ-мі 2000 жылмен салыстырғанда еселеніп артса, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері де тиімді жүзеге асты. 2000 жылмен салыстырғанда орташа жалақы 5 есеге, ал орташа зейнетақы 3 есеге өсті. Соңғы он жыл ішінде 652 жаңа мектеп пен 463 денсаулық нысандары салынды. Ал былтырғы жылы БҰҰ Қазақстанның жетістіктерін мойындап, өз баяндамасында елімізді адами әлеуетінің деңгейі жоғары мемлекеттер санатына қосты. Өткен онжылдықта 350 мың отбасы немесе 1,2 млн. адам баспаналы болған. Осы мәліметтердің баршасы Қазақстанның болашақты дұрыс бағдарлай білетінін, алдыға қойған жоспарларды тиімді жүзеге асыра алатын мемлекет болып жетілгендігінің айнасы. Бұнымен қоса, ғаламдық дағдарыс та еліміздің даму қатерлеріне тойтарыс бере алатынын көрсетіп, дұрыс шешім қабылдаудағы сауатына баға берілгендей болды. Жұмыспен қамту Стратегиясының тиімді жүргізілуі нәтижесінде былтырғы дағдарыстың шарықтау шегінде жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызды ғана құрады. 2009 жылы экономикалық өсім 1,1 пайызға жетсе, өндірістің дамуы 1,7 пайызға өсіпті. Осылайша, еліміз оң қарқындағы өсімге қол жеткізген «серпінділер тобынан» көрінді.

Ендігі мақсат - 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарды жүргізе отырып, көшбасшылықтың қазақстандық жолын қалыптастыру болып табылады. Бұл ретте Елбасы дамудың негізгі басымдықтарын да айқындады: «Біріншіден -экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, екіншіден - үдемелі индустрияландыру және инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың орнықты өсіміне қол жеткізу, үшіншіден - адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін болашаққа белсенді инвестиция салу, төртіншіден - қазақстандықтарды сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, бесіншіден - ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті арттыру және халықаралық қатынастарды одан әрі дамыту», деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы экономиканы әртараптандыру, сауатты сауда саясатын ұстану, инвестициялық саясатты жетілдіре түсу секілді секторлардағы атқарылатын шараларға жеке-жеке тоқтала келе, Үкіметке де нақты тапсырмаларды жүктеді. «Кәсіпкерлік - экономиканың қозғалтқыш күші. Біз тәуекелдерді көтере алатын, жаңа нарықты игеруге қабілетті, инновацияны ендіре алатын қуатты кәсіпкерлік буынды көргіміз келеді. Осыған орай, Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірегей бюджеттік бағдарламаны енгізуді тапсырамын. Бұны «Бизнестің Жол картасы - 2020» деп атауды ұсынамын», деді Президент. Аталмыш бағдарламаның негізгі мақсаты - кредиттер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау, шағын және орта бизнесті несиелендіруді ішінара кепілдендіру, бизнесті жүргізуде қызметтік қолдау көрсету, мамандар даярлау мен біліктілікті арттыру. Бір сөзбен айтқанда - «Бизнестің Жол картасы -2020» бағдарламасы өңірлердің дамуына тың серпін беруді қамтуы тиіс.

Бұдан кейінгі негізгі басымдық ел өңірлерін дамытуға түсіп отыр. «Біз үдемелі әртараптандыруға өңірлік даму реформаларынсыз қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан экономикалық өсім орталықтарын қалыптастыру қажет. Мәселен, еліміздің батысында мұнайгаз секторын, химиялық өнеркәсіпті, көлік қуатын дамыту қажет. Ал орталықта, солтүстік пен оңтүстікте және шығыста - тау-кен кешенін, атом, химия өнеркәсібін және аграрлы индустрияны дамытқан орынды. Ішкі сұраным базасы бойынша - дәстүрлі индустриямен қоса, Алматы, Астана секілді қуатты кадрлық әлеуеті бар қалаларды дамыту. Бұл ретте жаңа өңірлік саясат - 2020 Стратегиясының маңызды бөлігі болады», деген Елбасы Үкімет пен барлық әкімдерге өңірлердегі инвестициялық саясат мәселелерін әзірлеуді жүктеді. «Экономиканы ғаламдық қалпына келу мен сыртқы қатерлер бойынша орнылықтылыққа әзірлеу үшін үш міндетті шешу керек. Біріншіден - бизнес климатты айтарлықтай жақсарта түсу қажет. Екіншіден - қаржылық жүйенің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Үшіншіден - сенімді құқықтық ортаны қалыптастыруды жалғастыру керек. Осыған орай Үкіметке 2011 жылы бизнесті тіркеп, жүргізуге байланысты операциялық шығындарын 30 пайызға дейін қысқартуға, ал 2015 жылға қарай бұны тағы 30 пайызға төмендетуді тапсырамын», деді Н. Назарбаев. Сонымен бірге, Елбасы әрбір онжылдықта жалпы ішкі өнімнің шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызға дейін артып отыруы қажеттігін айтты. «2020 жылға дейін Қазақстан ең қолайлы бизнес-климаты қамтылған 50 елдің қатарына енуі керек. Тіпті 30 елдің арасынан көріну міндетін қоюға да болады. Менің ойымша, бұған әбден қол жеткізуге болады», деді Президент.

Сонымен бірге, Елбасы ел экономикасын жаңғыртудың тиімді жүргізілуі ең алдымен қазақстандықтардың біліміне, көңіл күйлеріне де тікелей байланысты екендігін атап өтті. «Сондықтан да 2020 жылға қарай барлық, ауылдық және қалалық жерлердегі балалар мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мекемелерімен қамтамасыз етілуі шарт. Бұл үшін біздің мүмкіндіктеріміз де, мемлекеттік-жеке сектор әріптестігінің әлеуеттері де жеткілікті. Жеке, отбасылық балалар бақшасы, арнайы шағын орталықтар мемлекеттік мекемелерге балама бола алады. Осыған орай, Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып «Балапан» атты бағдарлама әзірлеп, оны ағымдағы жылдан бастап жүзеге асыруға кірісуді жүктеймін. Аталған бағдарлама балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз ететін болады», деді Президент. Білім саласындағы тағы бір жаңалық Президент Үкіметке 2020 жылға қарай орта білім беру жүйесінде 12 жылдық оқытуды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды қамтамасыз етуді жүктеді. Бұнымен қоса жалпы білім беру сапасы халықаралық талаптарға сай келуі керек.

Биылғы Жолдауында Елбасы алдағы онжылдық бойынша әлеуметтік салаға да назар аударып, өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсартуға қатысты міндеттерді де алға тарты. «Мемлекет тарапынан 2020 жылға қарай ел азаматтарының санын 10 пайызға дейін өсіруге барлық жағдайлар жасалады. Ал әлеуметтік саясаттағы басым бағыттарымыздың бірі халықты жұмыспен қамту болмақ. Сондықтан да 2020 жылға қарай жұмыссыздықты 5 пайыздан асырмау туралы тапсырма жүктеймін», деді Н. Назарбаев.

Жолдауға сәйкес, 2020 жылға дейінгі Қазақстанның сыртқы саяси бағдары Сыртқы саясат тұжырымдамасы шеңберінде өрбитін болады. «Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы шеңберінде қауіпсіздіктің негізгі мәселелері бойынша консенсусты алаңды нығайтуға және кеңейтуге, сондай -ақ ұйымның өзін дамытуға қатысты мәселелерді реттеуге ниетті. Біз ЕҚЫҰ-ның XXI ғасырда әлемнің көптүрлілігімен мойындалатын құрылым болуы үшін қолдан келгенін аянбаймыз», деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы қазақ елінің болашақтағы даму деңгейі, сол бағыттағы Жолдаудың түпкі мақсаты мен халқымыздың асыл мұраттарын туралы да сөз қозғап өтті.

«Халқымызда «Ынтымақты елде бақ тұрар» деген дана сөз бар.
Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік. Біз толайым табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық, алайда алар асуымыз әлі де алда. Біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады. Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты - еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу. Келер ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз», деді.