Елбасы Алматыдағы Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіретін кешенде болды

АЛМАТЫ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - Бүгін Алматыға жұмыс сапарының аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіретін жаңа кешенде болды. Қысқы Азиада-2011 аясындағы сайыстар осы спорт нысанында өтетін болады.

Аталмыш кешен Әл-Фараби даңғылының солтүстік бөлігіндегі Есентай көлінің батысында орналасқан. Оның ішінде 5 500 көрермен орындарына арналған трбуинасы бар заманауи көпфункционалды ғимарат және кешеннің батыс жағындағы 400 орынға арналған терраса бар.

Әлем бойынша осындай спорт кешендері саусақпен санарлықтай ғана. Алматыдағы кешеннің басқа нысандардан айырмашылығы биіктігі 125 метр және 95 метр болатын екі тұғыр салынған. Кешенде заманауи медиаорталық та бар. Спортшылар үшін барлық жағдай жасалған жасалған.

Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіретін кешенді халықаралық сарапшылар мойындап, техникалық параметрлері, кешен салынған сәулеті және табиғи шарттары бойынша әлемдегі ең үздік спорт кешендерінің қатарына қосылған. Бірегей мекемені болашақта спорт тұрғысынан ғана емес, концерттер мен әртүрлі шоу-бағдарламалар өткізуге болатын мәдени-сауықтыру орталығы ретінде де пайдаға асыру көзделген. Халықаралық шаңғы трамплин кешенінің жалпы алғандағы сметалық құны 38,2 млрд. теңгені құрайды.

Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы жақында ғана пайдалануға берілген Шығысалматылық айналма автожолын қарап, Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына да барады деп күтілуде.