Аталған жолдың жалпы ұзындығы - 7,8 шақырымды құрайды. Бүгінге дейін оның 5,6 шақырымы салынып біткен. Алдағы уақытта 2,2 шақырым жол салынуы қажет. «Аталған жол қала ішіндегі жолдардың өткізу мүмкіндігін тәулігіне 25 мың көлікке азайтуға мүмкіндік береді», деді Елбасына жол туралы баяндаған қала әкімі А.Есімов.
Елбасы өз кезегінде бұл жолдың қала экологиясын жақсартуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтіп, қалған бөлігін салып бітіру қажеттігіне тоқталды. «Қаланың экологиясын жақсарту бойынша Алматыда көптеген жұмыстар жасалуда. Алдағы уақытта газбен жұмыс істейтін автобустар жүргізу, жүк көліктерінің қалаға кіруіне тыйым салу сынды бірқатар шаралар жасалады. Үлкен айналма жолы салынады. Бұның бәрі сүйікті қаламыздың экологиясын жақсартады. Сондықтан бұл жұмыстар жүзеге асуы керек. Айта кететін тағы бір мәселе, бұл жолдар салынатын жерлерді кезінде заңсыз басып алған, немесе сатып алғандар тарапынан кедергілер көп болуда. Олардың қатарында шенеуніктер де бар. Егер олар сатып алған кезіндегі бағамен жерді мемлекетке қайтармаса, болашақта біз ол жерлерді мемлекет мүддесі үшін кері аламыз. Кезіндегі жекешелендірудің қалай жүргенін біз жақсы білеміз. Сондықтан кезінде жерлерді басып алғандар өз еріктерімен оны мемлекетке қайтарғандары жөн», - деді Елбасы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз сөзінде қала тұрғындарының да қала экологиясын сақтауға қолдау білдіруі қажеттігін атап өтті. «Біз жаңа стадиондар саламыз. Бірақ сол құрылыстарды көпшілік ел күтіп ұстамайды, тазалық сақтамайды. Барлық игілік халық үшін жасалуда. Соны түсінуіміз қажет. Қазір дағдарыс уақытына қарамастан, Азия ойындарын өткізгелі отырмыз. Бұл бізге өте қымбатқа түсуде. Дегенмен, Азия ойындары өткізілетін нысандар алдағы уақытта халық игілігі үшін қалатын болған соң осылай істеп отырмыз», - деді Елбасы Н. Назарбаев.