«Қазақстаннан шыққан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шартына осы жылдар ішінде қолдау жасағандарыңыз үшін ризамыз. Бұл ұйым дүние жүзіндегі белгілі ұйымға айналып отыр. Азиядағы қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастықтың барлық түйіндерін шешетін үлкен Кеңес болып табылады. Сондықтан да, бүгінгі істейтін жұмысқа, шешетін мәселелерге зор сеніммен қараймыз. Жұмысымызға табыс тілеймін», - деді Мемлекет басшысы сессияны аша отырып.
Мерейтойлық сессия барысында Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы, Ауғанстандағы жағдай, жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау, трансұлттық қылмысқа қарсы тұру, сондай-ақ АӨІСШК ауқымындағы экономикалық ынтымақтастықтың басымдықтары сияқты өзекті тақырыптар бойынша пікір алысу көзделуде.
Кездесуге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше 24 мемлекеттің делегациясы қатысуда. Қонақ ретінде 8 мемлекеттің сыртқы істер министрлері және 14 халықаралық ұйымдар басшылары шақырылған.
Естеріңізге сала кетейік, 5 қазанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру жөнінде бастама ұсынғанына 20 жыл толады. Бүгінгі күні Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске Әзербайжан, Ауғанстан, Бахрейн, Вьетнам, Египет, Үндістан, Ирак, Иран, Израиль, Иордания, Қазақстан, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, БАӘ, Палестина, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Корея Республикасы кіреді. АҚШ, Украина, Индонезия, Малайзия, Катар, Бангладеш, Филиппин, сондай-ақ БҰҰ, Араб мемлекеттерінің Лигасы және ЕҚЫҰ бақылаушы мәртебесіне ие.