Елбасы: АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымы деп трансформациялайтын уақыт жетті

ТОКИО. ҚазАқпарат - АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымы деп трансформациялайтын уақыт жетті. Бұл туралы бүгін Жапония Парламентінде сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Токиодан.

«Қазіргі уақытта ядролық қаруды пайдалану тәуекелі «қыри-қабақ» соғыс аяқталған кезеңдегіден жоғары болып тұр. Әлем барынша қауіпті әрі болжап болмас жаңа ядролық ғасырға сырғып барады.21 ғасырдың ең қауіпті проблемаларының бірі - ядролық терроризм, сонымен қатар ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымы болып отыр. Жаһандық ойыншылар арасындағы сенімнің теңдессіз дағдарысы ядролық қаруды қолданудың алдын алу кепілін төмендетеді», - деді Назарбаев.

Осы ретте Елбасы бүгінгі күні осынау теріс трендтерді кері бұру үшін бүкіл әлемдік көшбасшылардың саяси ерік-жігері қажет екендігін баса айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы осыдан ширек ғасыр бұрын БҰҰ Бас ассамблеясы мінберінен Азия құрлығындағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құруға үндеу  жасағандығын еске салды. Бүгінде бұл кеңес Азия құрлығының  90 пайызын алып жатқан 26 мемлекеттің басын қосатындығын атап өтті.

«Бүгінде АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымы деп трансформациялайтын уақыт жетті», - деді Қазақстан Президенті.