Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев форум аясында ұйымдастырылған «Тығыз ынтымақтастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» атты «дөңгелек үстел» жиынына қатысушылар алдында сөз сөйледі. Елбасы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін атап өтті. «Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары миллиондаған адамдардың экономикалық белсенділігін төмендетіп, өмір сүру деңгейіне әсер етті. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары әлемдік экономика мен саудада босаңдық пен құлдырау байқала бастады. Осындай жағдайда халықаралық кооперацияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір сезінуде», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд адам тұрғынды қамтитын елдерге пайда әкелетінін» тұжырымдаған Елбасы «Бір белдеу, бір жол» өңірлік кооперациясының жаңа моделінің артықшылықтарына ерекше тоқталды.
- «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет. Сондай-ақ, Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Сондай-ақ, қазақ басшысы «Орталық Азия әлемнің ең ірі нарықтары арасындағы басты дәнекерге айналып, қайтадан стратегиялық маңызға ие болғанын» атап өтіп, «Еуразиялық Экономикалық Одақтың осы процестегі маңызды рөліне» тоқталды. «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының экономикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ платформаларын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады», - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру аясында бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды. «Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыру керек деп есептеймін. Бұл - болашаққа арналған инвестиция», - деген Елбасы бұдан бөлек, «Жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығына да ерекше мән берді. Осы мақсатта «инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді» ұсынды.
- Жобаларды бірлесе қаржыландыру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен технологиялар трансферті орталықтарын, инновациялық компанияларды, венчурлық қорларды құру мәселелерін қарастырған дұрыс. Осы орайда, қазақстандық ғалымдардың Жібек жолының Халықаралық ғылым академиясын құру жөніндегі ұсынысына назар аударғым келеді. Сонымен бірге, қоршаған ортаның, соның ішінде көлік артериялары бола алатын ішкі континентальды трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді басқару мәселелесін де назардан тыс қалдырмаған жөн, - деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» идеясын ойдағыдай жүзеге асыру үшін мүдделі елдер арасында өзара сенімнің орнығуы, олардың тең құқықтылыққа және жан-жақты ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды» екенін атап өтті.