Елбасы: Астана мен Токио - сенімді серіктестер

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресми Астана мен Токио сенімді серіктес болып қалуда. Бұл туралы бүгін Ақордада Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Қазақстан мен Жапония арасы қашық болғанымен, жақын достас елдер болып табыламыз. Сіздің елдеріңізбен жан-жақты қатынастарды дамыту біздің Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап сыртқы саясаттағы маңызды басымдықтардың бірі болып отыр. Осы жылдары Астана мен Токио сенімді серіктес болып қалуда. Біз әрқашан да бірімізді біріміз қолдап келеміз және бізде ортақ істеріміз көп, яғни ядролық қарусыздану мен оны таратпауда, сондай-ақ атом энергетикасын бейбіт пайдалануда одақтаспыз»,-деді Президент.

Сонымен қатар Елбасы, Астана екі елдің арасындағы достық қатынастардың жарқын символы екендігін атап өтті. Ал елорданың дамуы тұжырымдамасына негізінде жапондық атақты сәулетші Кисё Курокаваның қосқан үлесі өлшеусіз екендігін баса айтты.

«Сауда-экономикалық, инвестициялық өзара іс-қимылдардың тереңдеуін айрықша атап өткім келеді. Тек 2013-2014 жылдары екіжақты тауар айналымы екі миллиард долларға жуықтады және биылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 600 миллион долларды құрады. 10 жылда Қазақстан экономикасына инвестициялар 5 млрд. долларға жуық қаржыны құрады. Сонымен қатар Қазақстанға ресми көмек желісі бойынша 1 млрд. 200 млн. доллар ұсынылды»,-деді Мемлекет басшысы.