Кездесу барысында аталған федерацияның басшысы Қайрат Келімбетов, спортшылар және команданың менеджменті Елбасын 2011 жылға арналған жоспарлармен таныстырып, команданың жаңа брендингінің тұсаукесерін жасады. Команданың жаңа киім үлгілерінде күн шұғыласындағы қыранның суреті бейнеленген. 2011 жылғы маусымда Астана велокомандасы жарыс жолына жаңарған топпен шығады. Құрама сапы 10 жаңа спортшымен толықты.
Айта кетейік, велошабандоздың бас киіміне ұқсатып салынған ерекше әрі әлемдегі ең мықты спорттық кешендердің бірі - республикалық велотрек. Ол халықаралық ұйымдардың аудитінен өтіп, сарапшылар тарапынан жоғары баға алған болатын. Онда велотрек, 25 метрлік бассейн, спорттың барлық түрлері үшін әмбебап зал, фитнес-клуб, 100 адамға арналған қонақ үй, мейрамхана бар.
Сондай-ақ аталған құрылысқа 2009 жылы өзгерістер енгізіліп, жобаға мұз айдыны қосылған болатын. Онда 2011 жылы елордада өтетін 7-ші қысқы Азиада ойындары барысында мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өткізіледі.