Аталған спорт кешенінде хоккейшілердің үлкен алаңға шығар алдында дайындалуға арналған мұз айдыны құйылған және осында көрермендерге арналған 1 мың орын жасақталған. Сонымен қатар онда спортшыларға қажетті басқа да қажетті құрылымдар жабдықталған. Атап айтқанда «Қазақстан» спорт сарайы Азиада кезінде хоккей сайыстарын өткізеді. Осыған байланысты биыл бұл нысанда қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша құрылымдардың құрылыстары іске асырылды.
Айта кетейік, VII қысқы Азия ойындары Қазақстанда 2011 жылдың 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Астана және Алматы қалаларында өтеді. Аталған шараның бағдарламасына сәйкес қатысушылар 11 спорт түрінен сайысқа түседі. Барлығы 69 медаль комплектісі сарапқа түспек. Сонымен қатар Азиада аясында 4 мыңға жуық спортшылар мен қонақтар келеді деп күтілуде. Оның ішінде Астанадағы сайыстарда 1 130 спортшы бақтарын сынамақ.