Елбасы Астананың «азық-түлік белдеуіне» енетін шаруашылықтарды ынталандыруды тапсырды
Жиын барысында Бас қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған «азық-түлік белдеуі» мәселесі бойынша баяндаған болатын. Қала басшысының айтуынша, бүгінгі күні азық-түлік белдеуі шекарасындағы 48 жобаны қаржыландыру сомасы 19,4 миллиард теңгені құраған. Олардың ішінде 31 кәсіпорын белсенді қызмет етеді.
«Осы кәсіпорындар Астанаға 12 мың тоннадан астам өнім жеткізеді. Алайда, бұл олармен өндірілген өнімнің 17 пайызын ғана құрайды. Қалған 83 пайызы өңірдің өзіндік тұтынымына тиесілі және басқа облыстардан жеткізіледі», - деді И.Тасмағамбетов.
Осыған байланысты, қала әкімі аталған кәсіпорындардың өндірген өнімінің кемінде 50 пайызын астаналық нарыққа жеткізуді міндеттейтін шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Бұл ретте, Н.Назарбаев қала маңындағы «азық-түлік белдеуіне» шаруашылықтарға өнімдерді жеткізу бойынша ынталандыру шараларын жүзеге асыруды тапсырды.
«Облыс әкімі аудан әкімдерімен бірлесе отырып, жаңағы шаруашылықтардың барлығын шақырып, Астана қаласының нарығына өнімдерді жеткізу ауқымымен келісуі керек», - деді Елбасы.