Елбасы Астананың жасыл белдеуі туралы: Бурабайдағы ормандай болады
Айта кетсек, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Астананың айналасына егілген жасыл белдеуді аралап, қырғауылдарды еркіндікке ұшыру шарасына қатысты. Мемлекет басшысы орман шаруашылығының қызметкерлерінен Астана маңына көшет отырғызу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Жұмыстың игі бағытта жалғасып жатқанын көрген Президент бұл шаруаларға көңілі толатынын білдірді.
«Астана танымал қала болып қана қойған жоқ, әлем елдері басшылары келетін, спорттық шаралар өтетін шаһар болды. Ұшақпен келе жатқан кезде Астананың төңірегі қандай екенін көретін шығарсыздар. Бірақ та, министрлерге сын айтатын да жағдайлар бар. Жиналғанда айтармын ол туралы. Бірінші отырғызылған ағаштар көп жерлерде өспей қалды. Содан кейін ағаштардың түрлі аурулары бар. Оған түрлі химикаттар, тыңайтқыштар керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Елдің астанасы болғаннан кейін осылай болу керек. Мәскеудің төңірегінде баяғыдан өсетін орман бар. Киевке барсаң, толған орман. Минскі де толған орман. Кеше Қазанға бардым - төңірегінің бәрі табиғи орман. Астананың батыс жағы бұдан да әдемі. Осының барлығы жастар үшін, сендер үшін («Жасыл ел» қатарындағы жастарға қарата айтты - авт.), болашақ үшін жасалып жатыр. Мына орман керемет болады. Бұл ағаштардың саудасы 30-40 жылдан кейін бітеді. Қазіргі ағаштардың орнына қарағайлар шығады. Өмір солай. Одан кейін Бурабайдағы ормандай болып жайқалады», - деді Президент.
Айта кетсек, Астана қаласын желден сақтау үшін, халықтың қолайлы климатта тұруын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен 1997 жылдың қыркүйегінде жобаны жүзеге асырудың қиындығына қарамастан Астана қаласының жасыл белдеуін құру туралы шешім қабылданған болатын.