«Жыл сайын Астана күні қарсаңында қаланың төңірегіндегі жасыл-желекті аралайтынымды білесіздер. Өткен жылдарда елорданың батыс бөлігіндегі орманды алқаптарды дамыту қарқынын қарайтынбыз, ал биыл шығыс жағына келіп отырмыз. Бұл жерлердегі орманның ортасына қарағай мен қайыңды отырғызамыз деп жоспарлаған едік, енді бүгінде осы ағаштардың барлығы жайқалып өсіп тұр»,-деп тоқталды Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент Астананың маңын жасыл-желекпен толықтыру үшін 1998 жылдан бері орманның аумағын кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын, бұл жерде ағаш отырғызу оңай болмаса да, орманшылар ауқымды жұмыстарды атқарғанын атап өтті.
«Елорданың төңірегінде 80 мың гектар орманды алқап бар. Алға қойылған мақсат аясында 2020 жылға дейін 100 мың гектарға жеткізіледі. Сондықтан орманшылар мен ғалымдарға ризашылығымды білдіргім келеді. Олар осыны жасау үшін қыруар жұмыс істеді. Енді тұрғындар бұл орманның ішінде серуендеп, демалатын болады. Түрлі аңдар мен құстарды жіберіп жатырмыз, жеміс-жидек өсімдіктері отырғызылуда»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Жасыл белдеуде» 2020 жылға дейін үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарлануда. Бірінші, орманды алқапта егу жұмыстарын жалғастыру. Екінші бағыт - қала аумағындағы бос жерлерде орман алқаптарын жасау.
Елорданың жасыл белдеуін дамыту үшін рекреациялық аумақтарды жасау көзделген, бұл аталған жұмыстың үшінші бағыты болып табылады.