«Мен қабылданған бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын тексеріп, есеп алдым. Халықпен араласып, көңіл-күйлерімен таныстым. Соның барлығын айтқан кезде, жалпы жұмыс жүріп жатыр, бағдарламалар орындалуда. Тәуелсіздік жылдары ішінде атқарған жұмыстар көп. Оны айтып жүрмін, өздеріңіз де білесіздер. Қазақ деген халық бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті»,- деді кеңесті ашқан Елбасы.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем елдері танып, сыйлайтындығын, сондықтан еліміз бітімгершілікпен де шұғылданатынын атап өтті.
«Бізде Дүниежүзілік діндер көшбасшыларының алтыншы съезі өтейін деп жатыр. Неліктен ол бізде өтеді? Тыныштық болғаннан кейін, Қазақстанға сенім болғаннан кейін өтеді. Бүкіл ТМД мемлекеттерінің арасында тұңғыш рет біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болып, өзіміздің ойымызды, пікірімізді бүкіл дүниеге паш еткізіп жатырмыз. Мен барып төрағалық жасадым. Оны да білесіздер»,- деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда Қазақстан Президенті аталған барлық шаруаларды атқаруда атыраулық азаматтардың, отандастарымыздың істеген ісі қыруар екендігін еске салды. Атырау Құрманғазы, Дина, Махамбет, Мұрат сынды белгілі азаматтар дүниеге келген өңір екендігін атап өтті.