Елбасы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамын нығайтуды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамын нығайту керек. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде мәлімдеді.

«Комиссия құрамын кеңейту керек, оның жұмысына қосымша беделді азаматтық қоғам өкілдерін тарту қажет», - деді Н. Назарбаев.

Президент комиссия қоғамдағы проблемалық мәселелерді зерттеу мүмкіндігіне ие болуы тиіс екендігін қадап айтты.

«Неліктен балалар тастанды болып жатыр, не үшін некелердің 20 пайызға жуығы алғашқы 1-2 жылда ажырасумен аяқталады? Жастардың отбасылық өміріне алдын ала кім көмектеседі, жас аналарға кімдер қолдау көрсетеді және оларды осы мәселелерге кімдер психологиялық тұрғыда даярлайды? Неге адамдар балаларын тастап кетеді. Осы тұрғыда түрлі жағдайлар бар екендігін түсінеміз, алайда осындай көлемде тастандылар болмауы тиіс. Неліктен баласы бар болса да қарттар жалғыз қалып жатыр», - деді Президент.

Сөз соңында Н. Назарбаев ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен ҚР Президенті Әкімшілігіне бірлесе бұл мәселелерді зерттеп, тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.