Елбасы айтқан елдіктің сөзі уақыт талабымен үндеседі - Уәлихан Ибраев

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздігін ширек ғасыр ғана бұрын алған еліміз бүгінде саяси және экономикалық жаңғыруларды тиімді жүзеге асырып келеді. Бірақ әлемдік жаһандану үдерісі кезінде экономикалық әл-ауқат қана емес, сонымен қатар, рухани жаңғыру мен ұлттық сана да бәсекеге түсетін уақыт. Осы тұста Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы уақыт талабынан туындаған дүние деп білемін, дейді облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев.

 «Мемлекет басшысы дәл көрсеткендей, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодымызды айқындау мен оны сақтай білу болмақ. Яғни, әлемдік кеңістікте ұлтымыздың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады», - дейді ол.

Оның айтуынша, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Ол - компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық және тағы басқалары

 «Ұлтымыздың өзіндік кодын сақтап қалу үшін Елбасы «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», - деп атап өтті. Сонымен бірге, мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылуымыз да керек. Ол жершілдік және рушылдық екені белгілі. Еліміздің бәсекеге қабілетті озық 30 мемлекетінің қатарына қосылу үшін ұлтымыздың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тартуымыз уақыттың талабы. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халықтың көкейінде жүрген сауалдарға нақты әрі ұтымды ұсыныстар мен жауаптар деп білемін», - деп ойын түйіндеді У. Ибраев.