Елбасы айтқандай, үш тілді білу, әсіресе, жас ұрпақ үшін қажет - мұғалім пікірі
Осы орайда қазақстандықтардың 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді түгелдей дерлік меңгеруі керектігін айтқан Президент орыс, ағылшын тілдерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Елбасы айтқандай, үш тілді білу, әсіресе, жас ұрпақ үшін қажет. Бұл туралы Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернаты кешені ағылшын тілі пәнінің жоғарғы санатты мұғалімі Тамара Нәбиқызы өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытылып келеді. Мұның шәкірттің сол тілді ертерек меңгеруіне тигізер септігі мол. Қазақ мектебінде оқыған жас қалада тұрғаннан кейін орыс тілін де біледі. Оған қоса ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылса, оның ешқандай оғаштығы жоқ. Қайта артықшылығы көп. Соның арқасында көптеген мектеп түлектері шет елдерде де оқуға, тәжірибесін молайтуға мүмкіндік алып отыр. «Тәуелсіз Қазақстан үшін білікті маман қай уақытта да керек. Сондықтан 2020 жылға қарай халқымыздың 20 пайызы ағылшын тілін меңгеріп жатса, бұл еліміздің одан сайын алға басуына әсерін тигізбей қалмайды. Өйткені ағылшын тілі арқылы әлемнің көптеген елдерімен тікелей тиімді қарым-қатынас жасап, озық ілім-білімді, жаңа технологияны игеруге болады. Тіл білу - сол елдің жанын түсіну деген сөз. Сол себепті бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз», деді тәжірибелі ұстаз.