Елбасы айтқандай, жақсы маман қашан да сұранысқа ие болады - Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры

;     АЛМАТЫ. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Жақсы маман, бүгін тікелей эфир барысында  Елбасы айтқандай, «қашан да сұранысқа ие болады».Сондықтан  жастар қазіргі мемлекет қамқорлығын дұрыс бағалап, білім мен өнерді игеруге ұмтылуы тиіс.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Дәурен Мұхамеджанов айтты.

         «Тікелей желі арқылы халықпен тілдескен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жастарға, оның ішінде жас мамандарға қатысты сауал қойған студент Диана Балақановаға берген жауабы  көңілге өте қонымды болды. Себебі, ел болашағы жастардың мәселесі әрқашанда өзекті. Ал ол жастарымыздың заманына сай білімді де білікті болуы ел болашағын айқындайды. Мемлекеттен бөлінген грантты ұтып алған студентке оқуын бітірген соң, оның ары қарай аяғынан тұрып кетуіне мемлекет қолдау көрсетуі керек дегені, меніңше өте құптарлық. Бірақ, ол жас маман өз уақытын тиімді пайдаланып, жоғары оқу орнында толыққанды білім алып үлгеруі керек, сондай-ақ сол білім алған соң жұмыс тауып бер деп алақан жаюы қажетсіз. Өйткені, мемлекет білімді жастың оқуы  үшін барлық жағдайды жасап отыр. Сондықтан жастар сол мемлекет қамқорлығын жақсы түсініп, жақсы білім алуға, жақсы маман атануға ұмтылуы тиіс. Жақсы маман, Елбасы айтқандай, «қашан да сұранысқа ие болады». «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген халық даналығын біз, жастар әрқашанда назарда ұстауымыз керек. Оны заман, өзгерген қоғам талап етіп отыр», дейді  Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры.