Елбасы «Азаттық флотилиясына» жасаған шабуыл жанжалына қатысы бар барлық тараптарды ымыраға келуге шақырды

ЫСТАМБҰЛ. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Ыстамбұлда өтіп жатқан АӨІСШК-ге мүше елдер Мемлекет және Үкімет басшыларының III саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Израиль әскери-теңіз күштерінің Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізбек болған «Азаттық флотилиясына» жасаған шабуыл жанжалына қатысы бар барлық тараптарды ымыраға келуге шақырды.

«Азия Кеңесінің әлеуетін, соның ішінде сенім шаралары тәрізді мүмкіндіктерін өткен аптада Жерорта теңізінің шығыс жағалауында орын алған Израиль әскери күштерінің гуманитарлық кемеге шабуылы бұл өңірдегі жағдайды ушықтыра түсті. Осы мінбеден аталған жанжалға қатысы бар барлық тараптарды ымыраға келуге шақырамын», деді Н. Назарбаев. Елбасының айтуынша, ол үшін болған жағдайдың барлығын халықаралық деңгейде зерттеу қажет. Мұнысыз өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық жөнінде сөз қозғаудың өзі қиын. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға орай әскери-саяси бағыттағы диалогты дамыту аса маңызды екенін айта келе: «Азия Кеңесінің қолында өзара қарым-қатынастардың басты бағыттарын айқындайтын Сенім шаралары тізімдемесі бар», - деді.