Елбасы бастамалары көпбалалы аналарға үміт сыйлады - Мақпал Орынбетова

ЖЕЗҚАЗҒАН. ҚазАқпарат - Елбасының бүгінгі «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде айтылған әлеуметтік бастамалары - дүйім ел күткен оң шешім болды. Журналистер одағының мүшесі, көпбалалы ана Мақпал Орынбетова осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде мемлекет басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық бюджет шығындарының 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталатынын, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдауды күшейту керектігін айтты. Елбасы сондай-ақ, көптен бері қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақыны көтеру жайлы да сөз қозғаған болатын.

«Мен халқымның болашақта ғана емес, қазір бақытты болғанын қалаймын» деген Мемлекет басшысының сөзі көпбалалы аналарға үміт сыйлап, қанаттандырғаны сөзсіз. Елбасының осындай қамқорлығын жергілікті жердегі басшы азаматтардың бұлжытпай орындауы керек. Себебі, бұл - әр отбасына жасалған қамқорлық. Тек осы қамқорлық жеріне жетсе екен», - дейді Мақпал Орынбетова.

Журналистің пікірінше, әсіресе көпбалалы отбасының әр баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіру бастамасы халықтың көңілінен шығатыны анық.

«Ең бастысы, аталған көмекті тағайындау барынша жеңілдейтін болды. Халық ары-бері шапқыламайды. Сондай-ақ, мұндай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санамайды. Бұл - табысы арзымайтын көпбалалы отбасылар үшін үлкен демеу», - деп атап өтті Жезқазған қаласының тұрғыны Мақпал Орынбетова.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар әлеуметтік бастамаларды айтты.