Елбасы бастамаларына тiреу болған ынтымақты халқымыздың жеңісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылғы маусымның 28-і тәуелсіз Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалатыны анық. Күні кеше Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде дауыс беруге қатысқандардың арасынан 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі - Таиланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын.

Осы тарихи оқиғаға қатысты «Айқын» газетінде жарияланған пікірлерді оқырман назарына ұсынамыз.

***

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Біріккен Ұлттар Ұйымы - ХХІ ғасырдағы адамзаттың саяси тарихын байсалды, салиқалы жолда дамуына ықпал етуші аса жоғарғы әлемдік ұйым. 

Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өтуі - еліміздің халықаралық аренада көптеген күрмеулі мәселелерді шешудегі модераторлық деңгейінің және дипломатиялық жетістіктерінің аса жоғары екендігінің айқын дәлелі.
Ең алдымен, бұл Ұлт Көшбасшысы ретіндегі Сіздің ерен еңбегіңіздің, халықаралық саяси аренадағы аса жоғары мәртебеңіздің нәтижесі деп білеміз!
Сіздің маңызды халықаралық саммиттерде сындарлы баяндамалар жасауыңыз, әсіресе 2015 жылғы жаһандық антиядролық саммиттегі бастамаларыңыз Қазақстан позициясының басымдығына әкелгені сөзсіз!
БҰҰ ҚК мүшелік елімізге жаһандық «күн тәртібін» қалыптастыруға тікелей ат салысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, орталық-азия аймағының күрмеулі мәселелерін шешуге жол ашары анық.
Бүгінгі Қазақ елінің осы бір жетістіктерге қол жеткізу тұсында «Ауыл» партиясы атынан Сізді және барша қазақстандықтарды сындарлы тарихи оқиғамен құттықтаймыз!
Еңбегіңізге табыс тілейміз!
Аса құрметпен,
«Ауыл» партиясының төрағасы Ә.Бектаев


Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевты және барлық қазақстандықтарды журналистік қауымдастық атынан құттықтаймыз. 

Еліміз үшін тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы - біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды кезең. Бұл екінші жағынан, Қазақстанға халықаралық қатынастарда маңызды құқық беретін жарқын көрініс. Сондықтан да Қазақстан бұл мәртебелі орында әлемдік аренадағы өзара түсіністік пен бейбітшілікті нығайтуда лайықты үлес қоса алатынына сенеміз.
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі



Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына қатысты дауыс беру нәтижесінің жеңісін Қазақстан әйелдер қауымы қуана қабылдады. Сондықтан бұл жағымды жаңалықты сезіне отырып, біз мемлекет басшысы мен барлық қазақстандықтарды осынау мерейлі оқиғамен құттықтаймыз. 
Біз ең алдымен, бұл нәтижеге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаттағы зор үлесі мен халықаралық абырой, беделінің арқасында жеттік деп санаймыз. 
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында әлемдік қоғамдастық біздің еліміздің қысқа уақыт ішінде орасан зор жетістікке жеткенін бағалағанының өзі өте қисынды деп білеміз. 
 «Қазақстанның әйел кәсіпкерлері одағы» қоғамдық бірлестігі



Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сарапшылар кеңесі Ұлт көшбасшысы, Қазақстанның бірінші Президенті мен ел халқын сыртқы саясаттағы бейбітшілік және салтанатты жеңісімен құттықтайды. 
2017 жылдың 1 қаңтарынан 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Азия-Тынық мұхиты мемлекеттері тобының атынан БҰҰ саяси мінберінде ресми түрде жарғыға сәйкес ғаламдық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қорғайтын болады. 
Қазақстанның БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы мемлекет басшысының әлемдік қауымдастық алдындағы зор беделі мен әлемдік бастамаларды көтергені үшін берілген баға деп білеміз. 
Біздің еліміз Елбасының басшылығымен халықаралық қатынастағы өзара сенім мен ғаламдық қауіпсіздік миссиясын абыройлы атқаратынына біздің ешқандай да күмәніміз болмайды.
Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сарапшылар кеңесі

«Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстан халқы мен ел Президентін БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтайды.
Бұл - жас мемлекеттің тарихи жетістігі және Қазақстан мен Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан Ұлт көшбасшысының жарқын беделінің әлемдік дәрежеде мойындалуы.
Біздің мемлекетіміздің БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы өз кезегінде қазіргі таңда Таяу Шығыс, Париж, Брюссель, Ыстамбұл, Ақтөбе қалаларында орын алған қанды оқиғалардың алдын алып, күн сайын өршіп келе жатқан террорлық әрекеттер мен «ИГИЛ» лаңкестік тобын ауыздықтау үшін ортақ шара қолдануға жол ашады. 
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлана отырып, Қазақстан ең алдымен жалпы адамзаттық құндылықтардың жоқтаушысы және халықаралық тұрақтылық пен бейбітшіліктің жақтаушысына айналады. Біздің еліміз осы мақсаттар жолында табандылық танытатынына сеніміміз мол.

«Ақ жол» демократиялық партиясы

 


 

Анатолий Башмаков, ҚХА Кеңесінің мүшесі,  Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі:

Қазақстан - әлемдік саясат тарихындағы феномен

Біздің еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне екі жылға сайлануы - Қазақстанның жетістіктерінің бір биігі. Бұл - қазақ дипломатиясындағы ғана емес, сондай-ақ әлемдік саясат тарихындағы феномен. Шынын айтқанда, мұндай теңдессіз шарықтауды бірде-бір ел бастан кешпеген! 25 жыл дербес, тәуелсіз даму ішінде қатардағы мүшеден басшылық органдағы мүшелікке дейін өсу біздің мемлекетіміздің қолынан келді.
Қарасаңыз, тіпті 25 жыл бұрын Қазақстан деген ел саяси картада да болған жоқ, тек қып-қызыл КСРО тұратын. Тарих үшін қас-қағым сәтте қазақ елі қуатты серпіліс жасады. Бұл - барша қазақстандықтың мақтан тұтар табысы. Біз осылайша, 25 жылдық мерейтойымызға тамаша табыспен, асқаралы межемен жетіп отырмыз. 
Менің есіме 2010 жылдың сәуір айы түседі. Сонда елімізге БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун сапар жасаған болатын. Ол Вашингтонда бірінші рет ұйымдастырылғалы отырған Жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитіне Елбасыны шақыру үшін келіпті. Яғни БҰҰ Бас хатшысы бүкіл әлемде тек Қазақстанның басшысын ғана жеке өзі келіп, шақырды. 
Сол жолы Пан Ги Мун мырзаның айтқан сөзін жаһандық барлық ақпарат агенттіктері жариялады. «Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, әлемдегі өз әріптестеріңізге және халықаралық қоғамдастыққа осынау ессіз ядролық жарысты тоқтатуды талап етіп, қайырылу бойынша моралдық құқыққа ие жалғыз Президент болып табыласыз! Өйткені Сіз ажал сепкен полигонды жауып, ядролық арсеналдан бас тартқан тұңғыш және әзірге жалғыз Президентсіз!» деді БҰҰ Бас хатшысы.
Кейін Елбасы баяндама жасаған сол Жаһандық саммит табысты аяқталып, барлық лидерлердің ортақ суретке түсу рәсімі басталғанда, Қазақстан Көшбасшысына бірінші орыннан және тура ортадан ең лайықты әрі абыройлы тұғыр тиді. Осының өзінен еліміздің биік мәртебесі паш етілді.
Қазақстан содан бері 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес съезін өткізді. Біздің ел бүкіл әлемге қауіпсіздік, бітімгершілік, бейбітшілік және руханилық дәнін егуде. Біз планетамызды сақтау мәселелерін көтерудеміз. Қазақстанның және оның лидерінің ізгі ұстанымы, әлемдік саясат проблемаларына адамгершілік тұрғыдан келуі осы жолғы сайлауда да жеңіске жетті. 
Біздің бәріміз осы табысқа сүйсінудеміз. Құтты болсын, ағайын!


 

Георгий Кан,  тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Әлем елдері даналығы үшін таңдады

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдардағы мүшесі болып сайлануын үлкен қуанышпен қабылдадық. Бұл көптен күтілген хабар еді. 
Бұл - сонымен бірге, зор жауапкершілік. Әлем қазір күрделі уақытты бастан кешуде. Қансыраған Сирия мен Ирак, террорлық ша­буылдардан жаны түршіккен Түркия, қырғиқабақ қатынастағы Ресей мен Батысты айтуға болады? Адамзат дұрыс жолға бастар, араздасқанды татуластырар, адасқанды табыстырар ақылшыны, даналықты қажет етеді. Сондықтан да 138 мемлекеттің таңдауы Қазақстанға түсіп отыр.
Бұл әлемдік қоғамдастықтың елімізге және Елбасыға сенетінін көрсетеді. Бұл біздің бойымызға тың күш пен сенім құяды, рухтандырады. Өйткені біздің еліміз дұрыс жолмен, өркениетті өркендеу бағытында дамуда. 
Бұл Елбасының зор беделін де паш етеді. Ол ХХІ ғасырдағы әлемдік қауіпсіздік манифестінің авторы және бұл құжат БҰҰ тарапынан басшылыққа алынатын құжат ретінде қабылданған. Бізге енді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретінде осы және басқа да ірі жаһандық жобаларымызды ілгері жылжытуға мүмкіндік беріліп отыр. 
Қазақстанның ізгі бастамалары іске асып, әлем ядролық қарудан арылса, бұл - халқымыздың барлық ұрпақтарының ұлы мақтанышына айналмақ. 
Жалпы, менің ойымша, өз мүшелігі аясында Қазақстан тек соғыс пен бейбітшілік, терроризм және экстремизм мәселелерімен шектелмейді. Елбасы бұған дейін әлемде су, энергия ресурстарының тапшылығы, тіпті қаржы және экономика салаларындағы қауіпсіздік мәселелерін көтерген. Бұл мәселелер біз, барша қа­зақстандықтар үшін де өзекті.
Алдағы екі жылда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мінберінен ресми Астана жаһандық қауіпсіздікке қатысты көптеген мәселелерге әлем назарын аудартып, жаңа жобалармен шығары сөзсіз.


 

Барша қазақстандықтарды еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүше­лігі­не сайлануымен құттықтаймыз. Бұл жеңіс жас рес­пуб­ликаның өсіп келе жатқан халықаралық беделінің жар­қын көрінісіне айналды. 
Қазақстан пайдасына таңдау жасау арқылы БҰҰ мүшелері Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жаһан­дық бастамаларына, әсіресе, ядролық қару­сыз­дану, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл, сон­дай-ақ «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде көрініс тапқан бей­бітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласын­дағы бастамаларына қолдау білдірді. 
«Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» РҚБ 


Барша қазақстандықтарды еліміздің 2017-2018 жыл­дарға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мү­ше­лігіне сайлануымен құттықтаймыз. 
Бұл тарихи оқиға Президент Н.Назарбаев бас­шы­лығындағы Қазақстан Республикасының халықаралық беделін және лайықты құрметке ие болуын мойындау болып табылады және республиканың халықаралық қоғамдастықта атқаратын белсенді рөлін атап көрсетеді. 
Бұл отандық дипломатияның жеңісі және біздің еліміздің ядролық қарусыздану үшін күрестегі, сондай-ақ ұлтаралық келісім мен дінаралық тағат-толерант­ты­лықтың бірегей бағдарламасын құрудағы еңбегін сөзсіз тану болса керек. 
«ЭКСПО-2017», Универсиада-2017, Қазақстандағы эко­номика, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы форум­дар бейбітшілік пен адамзат тағдыры үшін біздің елі­міздің терең алаңдаушылығын білдіретін және атап көр­сететін әлемдік ауқымдағы іс-шаралар.
Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД жә­не басқа да көптеген халықаралық ұйымдардың бел­сенді мүшесі. Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сай­лануы келесі жылы Қазақстан Республикасының Шан­хай Ынтымақтастық ұйымына төрағалығының бас­талуымен тұспа-тұс келуінің терең символдық мәні бар. Бұл өзекті өңірлік проблемаларды шешу үшін БҰҰ-мен анағұрлым тиімді өзара әрекеттесуге мүмкіндік береді. 
Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін және оның өзінің бітімгершілік әлеуетін нығайту бойынша күш-жігерлерін толық қолдайды. 
Республика БҰҰ-да әлемдік проблемаларды шешуде сарабдал және конструктивті ұстанымы бар мемлекет ретінде кең танылды. 
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайлануы - биік мәртебе, қазақстандықтар үшін айрықша мақ­таныш нысаны. Біздің елімізге орасан зор сенім көр­сетілді және біз еліміздің оны абыроймен ақтайтынына нық сенімдіміз. 
Қазақстан Республикасы ЖОО-ларының қауымдастығы


Қазақстанның Азаматтық альянсы Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты және барша қа­зақстандықтарды еліміздің Біріккен Ұлттар ұйы­мының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сай­лануымен құттықтайды!
Бұл бірінші кезекте ядролық арсеналдан бас тарту тура­лы шешім қабылдап, әлемдік лидерлер арасында бірін­ші болып саяси ерік-жігер білдірген Қазақстан Пре­зидентінің биік халықаралық беделінің жарқын ай­ғағы.
Бұл шешімнің Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғында қабылдануының символдық мәні бар. Осы жыл­дар бойында біздің еліміз теңгерімді ішкі және сыртқы саясат жүргізіп, халықаралық қоғамдастықтың лайықты мойындауына ие болды. 
Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қызметіне бел­сен­ді қатысуы Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі жоғарылата түсеріне және республика алдынан қауіп­сіздіктің жаһандық күн тәртібін қалыптастыруда кең мүмкіндіктер ашарына сенімдіміз. 
Қазақстанның Азаматтық альянсы


«Жасыл ел» жастардың еңбек отрядтарының рес­пуб­ликалық штабы Мемлекет басшысын, барша қа­зақ­стандықтарды Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сай­лануы­мен құттықтайды!
Біз еліміздің беделі мен еңбегінің мойындалғанына куә болғанымыз үшін шын қуаныштымыз. 
Қазақстан ядролық қарусыздану және ядролық қару­ды таратпау бағдарламаларына әрдайым белсенді қаты­сып келеді. 
Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша 25 тамызды, Семей ядролық полигонының жабылу күнін БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні деп жариялады. 
Бүгінде еліміз жаһандық антиядролық қауіп­сіз­дікті нығайтуға бағытталған халықаралық бастама­ларды ілгерілету бойынша танылған лидерге айналды. 
Біздің ойымызша, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесіне мүше болу еліміз алдынан Қазақстанның бас­тамаларын жаһандық деңгейде ілгерілету үшін біре­гей мүмкіндіктер ашады.
«Жасыл ел» жастардың еңбек отрядтарының республикалық штабы


«Қазақстан - 2050» қозғалысы барша отандас­тары­мыз­ды Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіп­сіз­дік кеңесінің 2017 - 2018 жылдардағы тұрақты емес мү­­шелері құрамына енуімен құттықтайды. 
Біздің еліміз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бе­­делі мен халықаралық деңгейдегі ерекше бастамала-рын қол­дауының арқасында 138 мемлекеттің сенімінен шық­ты. 
Біз халықаралық платформа мінберінен жалпы әлем­­дік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастама­лар­ды біздің еліміз одан әрі нығайтуға үлес қоса бере­тіндігіне сенеміз. 
«Қазақстан - 2050» қозғалысы


2016 жылы 28 маусымда Қазақстанның Біріккен Ұлт­тар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің 2017 - 2018 жыл­дар­дағы тұрақты емес мүшелері құрамына Азия-Ты­нық мұхиты мемлекеттерінің атынан енуі - біз үшін та­ри­хи маңызы бар оқиға. 
Бұл атаулы салтанаттың еліміз тәуелсіздігінің 25 жыл­дығын атап өтіп жатқан салтанатты мерейтой жы­лына тап келуінің өзі ерекше құбылыс. 
Біріккен Ұлттар Ұйымы қызметінің тарихында біздің елі­міз Орталық-Азия аймағында беделді ұйымға бірінші бо­лып тұрақты емес мүшелерінің қатарына енді. 
Бүгінде Қазақстан өзінің жасампаз бастамаларымен, эко­номикасы тұрақты дамыған және көпұлтты қоғам, өза­ра түсіністік пен өзара құрметтеу негіздеріне сүйенген мем­лекетке айналды. 
Сонымен қатар қазіргі заманғы қырғи-қабақ пен әлем­нің түрлі аймақтарындағы тұрақсыздық мемле­кет­терден қауіпсіздік пен дамудың жаңа жүйесін қабыл­дау­ды талап етеді. Оның негізінде өзара ынтымақтастық пен құрметтеу, толеранттық пен өзара түсіністік жатыр. 
Осы бағыттағы негізгі желі барлық мемлекеттердің бі­рігуіне күш салу, қазіргі қақтығыстарды еңсеру және келісім жолдарын іздеу, бейбітшілік пен келісімге келуде жатыр. 
БҰҰ құрамындағы Қазақстанның бірінші кезектегі міндеті - әлемнің кез келген бұрышы үшін маңызды, өзек­ті мәселеге айналған халықаралық экстремизм мен лаңкестікке қарсы қарсы тұру және күш біріктіру.
Біз өзімізге артылған жауапкершілігі зор миссияны абыройлы атқаратындығымызға сеніміміз мол. 
«Қазақстан дінтанушылар конгресі» ҚҰ 


Қазақстан жастары конгресі Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевты және барша отандастарымызды Қа­зақ­станның Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңе­сінің 2017 - 2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құр­а­мына енуімен құттықтайды. 
БҰҰ Бас ассамблеясында 138 қатысушы мемлекет­тер­дің бірауыздан дауысқа ие болу Мемлекет басшы­сы­ның әлем үшін өзекті жаһандық бастамаларының маңыз­дылығын көрсетеді. 
Қазақстан тәуелсіздіктің 25 жылында әлеуметтік-эко­номикалық дамудың үлгісін көрсетіп, бейбітшіл мем­лекет екендігін, әлемдегі тұрақтылық пен біріліктің бас­тамашысы ретінде көрсетті. 
Бұл - еліміздің халықаралық аренадағы үлкен жеңісі! 
«Қазақстан жастары конгресі» 


Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіп­сіздік кеңесінің 2017 - 2018 жылдардағы тұрақты емес мүше­лері құрамына енуін аса зор маңызы бар жаңалық ретінде қабылдадық. 
Еліміздің ғылыми қоғамы барша қазақстандықтарды және ел Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев­ты осы тарихи жеңіспен құттықтаймыз! 
Осы күннен бастап Қазақстан беделді ұйымның то­лық­қанды мүшесі болды және біздің еліміз бейбітшілік пен гуманизм принциптерінен айнымағанын дәлелдеп берді. 
Бүгінде әлем Қазақстанды тұрақты дамыған, соны­мен қатар бірлік пен келісімді сақтаушы ел ретінде бі­леді. 
Қазақстан өтінішінің басымдылығы - бейбіт­ші­лік­сүйгіш қоғамдағы Ұлт көшбасшысының беделін көр­се­тіп берді. 
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңе­сінің 2017 - 2018 жылдардағы тұрақты емес мүше­лері құрамына енуі - халықаралық аренадағы толағай та­бы­сымыз, біздің бастамаларымыздың баянды болуы­ның ғажайып мүмкіндігі, күн тәртібіндегі өзекті мәселе­лерді шешуге заманауи келіссөз орнатудың бір жолы. 
Біз БҰҰ қауіпсіздік кеңесі аясында Қазақстан бей­біт­шіліксүйгіш принциптерінен айнымайтындығын жә­не қақтығыстарды реттеуге белсенді қатысатындығына се­неміз. 
Политологтар конгересі, 
Социологтар қауымдастығы


Қазақстандағы корей қауымдастығы қазақ­стан­дықтарды және мемлекет басшысын Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуымен құт­тықтайды.
 Бұл - Ұлт көшбасшысы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Алдымыздан ашылған жаңа жол-жаңа парақ тек Қазақстан үшін ғана тарихи оқиға емес, тұтас Орта Азия үшін айтулы жайт. Енді осы аймақтың мүддесі халықаралық биік мінберлерден айтылатын болады. Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі тетік­терін пай­далана отырып, жаһандық мәселелерді шешуге түрткі боларына сенімдіміз.
 Қазақстандағы корей қауымдастығы


Әзірбайжандардың Қазақстандағы этномәдени бірлестігі Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуын үлкен қуанышпен қарсы алды. 
 Осының өзі-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың дұрыс екендігін халықаралық деңгейде мойындалуы деп білеміз. Бұл біздің елді көптеген мемлекеттермен бірлесе жұмыс жүргізуіне, әлемдік ортақ мәселелерді бірлесе шешуіне мүмкіндік береді. Дәл қазіргідей дүбірлі заманда әлемдегі тұрақтылықты, бейбітшілікті сақтау үшін ынтымақтастық керек. Сондықтан Қазақстан әлемдегі тыныштықты сақтауға, оның беки түсуіне бар күшін салады деп сенеміз. 
 Қазақстандағы Әзірбайжан 
этномәдени бірлестігі


Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының қарсаңында біздің мемлекет тағы бір үлкен жетістікке қол жеткізді. 2017-2018 жылдар аралығында Қазақстан БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. 
Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық дең­гейдегі беделінің арқасында іске асып отыр. Мұны біз Елбасының тек тұтастыққа, бірлікке және бейбітші­лікке жетелеген сұңғыла саясатының жемісі деп білеміз. Біз этномәдени бірлестіктің өкілдері еліміздің Қауіп­сіз­дік кеңесінің мүшесі болғанына мақтанамыз. Алда­ғы уақытта Қазақстан осындай ірі ұйымның арқасында жер-жаһанда қауіп-қатердің болмауына тек тыныш­тықтың өрбуіне үлкен үлес қосады деген ойдамыз. 
Татар қауымдастығы және «Идел» татар-башқұрт қоғамдық және мәдени орталығы

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы бұл Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың дұрыс екендігінің жемісі һәм жеңісі. Осының өзі-ақ Елбасының әлемдік деңгей­дегі бірегей саясаткер екендігінің кепілі. Қазақстанның ұйымға тұрақты емес мүше болуының өзі-ақ аймақтық мә­селелерді әлемдік деңгейге көтеруге, ғаламның күн тәр­тібінде тұрған өзекті мәселелерді тікелей шешуге мүм­кіндік береді. Қазақстан қашанда әлемдік баста­малардың алтын бесігі. Елбасының әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті күшейту бағытындағы бастамалары сондай-ақ Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесін құруы, ЕҚЫҰ төрағасы болуы, Орта Азияда ядролық қарулардан азат аймағын құру, «Әлем. ХХI ғасыр» манифестін атауға болады. Қазақстанның ұстанымы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде өз орнын табары анық. 
«Қырғызстан - Астана» 
қырғыз  этномәдени бірлестігі