Онда Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовтың атап өткеніндей, әлемдегі және елдегі саяси жағдай қазақстандықтардың одан әрі топтасуын талап етеді. Сондықтан президенттік сайлауды заңға сәйкес өткізу экономиканы тұрақтандырып, қоғамдағы келісім мен әлеуметтік жағдайды орнықтыруға, ел алдында тұрған маңызды міндеттерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ профессоры, экономика ғылымдарының докторы Раушан Ғабдуалиева Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларына кеңінен тоқталып, Елбасы ұсынған бюджеттік шығындарды оңтайландырудың әлеуметтік міндеттемелер мен мемлекеттік бағдарламаларға әсер етпейтінін айтып берді. Қайта, оның ойынша, Президент ұсынған жоба-жоспарлар ішкі жалпы өнімді 4-4,5 пайыз деңгейінде ұстауға мүмкіндік береді.
БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Әбсатыров әлемдік дағдарыс салқынын сезінбес үшін Елбасының төңірегіне топтаса біліп, ел болып дағдарысқа қарсы шараларды оңтайлы жүзеге асыру қажеттігін атап көрсетті. Дағдарыс тоқсаныншы жылдары да болған, Елбасымыздың бастауымен талай сыннан өтіп, ысылған Қазақстанға қазіргі кезең аса қорқынышты емес. Мемлекетіміз өз бағытымен қарқынды дами беруі үшін алдымен президенттік сайлауды қапысыз өткізіп алу керек. Болашақ жастардың қолында, бүгінгі студенттер озық ілім-білімді игеріп, жаңа тұрпаттағы мамандар болып қалыптаса білсе, одан, түптеп келгенде, бүкіл еліміз ұтады. Бір ғана «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша елімізде 7,5 мың шақырым жаңа жол салынбақ. Бұған қыруар қаржы жұмсалып, жаңа өндірістер мен мыңдаған жұмыс орындары ашылмақшы. Осы бағдарлама аясында жас мамандарға да жұмыс табылары сөзсіз.
Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері Данильбек Саратов, Аветик Амирханян, БҚАТУ-дың үздік студенттері Әйгерім Ерланова, Кирилл Денисовтар Елбасы бастамасымен қолға алынған жаңа экономикалық саясат елімізді дағдарысқа ұшыратпай алып шығар тың жол екендігін, алдағы президенттік сайлаудың ел мүддесіне толық сәйкесетінін, оның серпінді дамуына септесетінін жеткізді.
Жиынға қатысушылар ел экономикасы мен әлеуметтік саласының табысты дамуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне тікелей байланысты екендігі туралы ортақ тоқтамға келді. Осыған орай Н.Ә.Назарбаевқа алдағы президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынуы керектігі туралы үндеуді бірауыздан қабылдады.