Елбасы белгілі жазушы Әнес Сарайды 75 жылдық мерейтойымен құттықтады

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілі қазақ жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарайды 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, хат жолдады. Елбасының құттықтау хатын бүгін Еуразия ұлттық университетінде жазушының мерейтойына арналған кеште ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед оқып берді.

«Сізді 75 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Біздің халқымыз сізді кеңінен танымал жазушы, оқымысты адам ретінде жақсы біледі және сыйлайды. Сіз өз еңбек жолыңызды журналист ретінде бастап, көптеген жылдар бойы еліміздің мерзімді баспасөзінде, шығармашылық одақтарында және кітап баспаларында талмай қызмет еттіңіз», - делінген Н.Назарбаевтың құттықтау хатында. Бұдан бөлек, Президент жазушының қаламынан көптеген очерктер мен мақалалар, әңгімелер мен повестер, романдар мен драмалық туындылар дүниеге келгенін, тарихи зерттеулер жазылғанын айтып, осының баршасы қазақ әдебиетіне қосылған зор үлес екендігін алға тартады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мерейтой иесіне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр мен жаңа шығармашылық табыстар тіледі.