Елбасы Бейжіңде өтетін ШЫҰ-ға мүше-елдер басшылары Кеңесінің 12-ші отырысына қатысады

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - 6-7 маусым аралығында Бейжіңде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттер басшылары Кеңесінің 12-ші отырысы өтеді.

Осы отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.  Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

Отырыс барысында ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен достықтың нығаюы бойынша қосымша шаралар, ұйымның алдағы дамуының болашағы, сондай-ақ халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер бойынша кеңінен пікір алмасулар көзделген.

ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы аясында келісілген құжаттардың қабылдануы және бекітілген аймақтағы бейбітшілікке, қауіпсіздікке, тұрақтылыққа қатер төнген жағдайда ШЫҰ-ның саяси дипломатиялық шаралары мен әрекет ету тетіктері туралы ереженің жаңа жобасы, сонымен қатар ұйымға мүше мемлекеттердің лаңкестікке, сепаратизмге, экстремизмге қарсы күрес бойынша 2013-2015 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылады деп күтілуде.

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, аталған отырысқа Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары қатысады.