Елбасы бидай және оның өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі ұнның үлесін арттыру туралы тапсырма берді

nbsp;АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бидай және оның өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі ұнның үлесін арттыру туралы тапсырма берді,

деп хабарлайды ҚР Президенті Әкімшілігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің хабарламасында айтылғанындай, бүгін Елбасының қатысуымен ауыл шаруашылығының өзекті мәселелеріне арналған отырыс өтіп, оның барысында Н.Назарбаев Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеді.

«Ағымдағы қиындықтарға қарамастан, 2010-2011 жылдар аралығындағы маркетингтік жылдың экспорттық әлеуеті шамамен 8 млн. тонна болмақ. Орын алған жағдай отандық ұн шығарушылар үшін шетел нарығына шығатын тамаша мүмкіндік бола алады. Соған орай, Президент Үкіметке бидай және оның өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі ұнның үлесін арттыру туралы тапсырма берді», деп айтылған баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Үкіметке ұнның және нанның ішкі бағасының тұрақтылығын сақтап тұруды, олардың нарықтағы бағаларының жоғарылауына жол бермеуді тапсырды. Сонымен қатар, Елбасы құрғақшылықтан жапа шеккен ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілердің қаржылық жағдайына талдау жасап, оларды қолдауға арналған арнайы шараларды іске асыру, мал шаруашылығын жеммен қамтамасыз ету, жемшөпті жинауға қажетті жанар-жағармай өнімдерін жеткізу және келесі жылғы егін егу науқанына арналған тұқымдардың қорын жасақтау міндетін қойды.