Елбасы бірінші тоқсаннан бастап облыс әкімдерінің жұмысына рейтингтік бақылау енгізуді тапсырды

АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Үкімет мүшелерінің және әкімдердің қатысуымен өткен индустриялық дамуға қатысты кеңесте Президент Әкімшілігіне ағымдағы жылдың бірінші тоқсанынан бастап индустриялық жобалар бойынша облыс әкімдерінің жұмысына рейтингтік бақылау енгізуді тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде көп дүние әкімдердің, әсіресе қалалар мен аудандардың әкімдерінің жұмысына байланысты. Сондықтан да оларға қойылатын талап күшейтілуі тиіс. Президент Әкімшілігіне ағымдағы жылдың бірінші тоқсанынан бастап индустриялық жобалар бойынша әрбір әкімнің жұмысына рейтингтік бақылауды енгізуді тапсырамын. Кім қалай жұмыс істеп жатқанын білу қажет. Бағдарлама аясында жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет», деді кеңесте Н. Назарбаев.

Елбасы Қазақстан экономиканы индустрияландыруға бет бұрған қазіргі уақытта әкімдердің рөлі өзгеріп жатқанын айта келе: «Біздің жұмысымыздағы басты басымдық - еңбек өнімділігін ұлғайту, шикізаттық емес секторға инвестиция тарту, осы сектордың экспортын арттыру, инновациялық тұрғыдан белсенді кәсіпорындардың қатарын көбейту, жұмыс орындарын құру», деді.