Бұл жайында Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дің оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректоры, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Сыдықов ҚазАқпарат тілшімен сұхбаттасу барысында айтты.
Ұ.Сыдықов Елбасының биылғы халыққа Жолдауын тебірене тыңдап, ерекше әсермен қабылдағанын айтады. «Бірінші біздің түйгеніміз - 20 жылда бұрын-соңды ешбір мемлекет, тіптен Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур сынды мемлекеттер өтпеген үлкен жетістікке жеткенімізді білдік. Тек қана жан басына шаққандағы ішкі өнімнің өзі 12 есеге артқаны бізді ерекше қуантты», -дейді профессор.
Сонымен қатар ол халқымыздың рухы, еңсесі көтеріліп, Қазақстанды күллі әлем танығандығын және біздің алдағы даму жоспарларымыз жасалып, оған бүкіл қазақстандықтардың үлес қосып жатқандығы қуантарлық жағдай екендігін жеткізді. «Оның бір айғағы Президентіміздің өкілеттілігін тағы да 10 жылға ұзарту жөніндегі бастамаға бүкіл халықтың қызу қолдау көрсетуі», -дейді ол.
Сондай-ақ ол бүгінгі Жолдаудың тағы бір ерекшелігі - Президенттің әлеуметтік мәселеге баса назар аударып, әлеуметтік жаңғыру, жаңа әлеуметтік саясат деген мәселеге ерекше тоқталғандығын айтады. «Оның ішінде білім саласы, денсаулық сақтау мәселесі, жұмыссыздықпен күресу және тұрғын үй құрылысын көтеру, жалпы алғанда халықтың әл-ауқатын жақсарту, әсіресе ауыл тұрғындарына көңіл бөлу мәселесіне ерекше тоқталды. Біздің жүрегімізге жақын болғаны білім саласына байланысты айтқан ойлары. Кәсіптік техникалық білімді дамытып, әлемдік деңгейге көтеру, соның ішінде елімізді индустрияландыруды ілгерлететін жоғары білікті техникалық мамандар дайындау біздің университет үшін ерекше міндет», - деп атап өтті өз сөзінде Ұлықпан Сыдықов.
Ұ. Сыдықов білім саласына тиісті қаражаттың бөлінуі қуантарлық жағдай екенін айта келе: «Білім ордаларының әлемдік деңгейдегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, кадр мәселесін жоғары сапаға көтеру, білім сапасына әлемдік көзқараспен қарап, біздің әрбір түлегіміздің қоғамдағы өз орнын табуына ерекше жағдай туғызып отыр. Сондықтан да біздің ұжым бір кісідей жұмылып, Президент Жолдауының іске асуына қызу іске кіріседі», - деді.