Елбасы: Біз қысқартқан жерлерде шенеуніктер не үшін отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлер тап болатын әкімшілік кедергілерді сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы Дүниежүзілік банктің бизнесті жеңіл жүргізу рейтингінде 35 орынды алдық. Шынымен де жақсы көрсеткіш. Алайда, осы бағытта бизнестің айтарлықтай жақсарғанын әзірге байқағаным жоқ»,-деді Елбасы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, былтырғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесте тауарлар шығару мен қызмет көрсету көлемі жеті пайызға төмендеді. ШОБ-тағы жұмыс істеп тұрған субъектілер саны жеті пайызға, ал жұмыспен қамтылғандар үш пайызға азайды.

«Әрине, бағамның ауытқуы ықпал еткені анық, бірақ бұл көрсеткіштер мүлдем басқа мәселені байқатып отыр. Егер де бизнеске реттегіш жүктеме үнемі артып отырса, онда олар өсімді қалай қамтамасыз етеді?!»,-деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Республикада тексеру мен бақылаушы қызметтерді 61 ведомство жүзеге асырады екен, оның 45-і орталық, ал қалған 16-сы жергілікті жерлерде.

«Жақында Бақытжан Әбдірұлымен (ҚР Премьер-Министрі) сөйлескен едім. Тісті емдеу жөнінде жеке клиникалар бар. Ал басқа аурулар бойынша неге осылай істемейді? Яғни, жеке клиниканы ашуға, жеке бизнесті іске қосуға мүмкіндік бермей отыр. Неге? Бұл кемшіліктерді жою өз қолымызда ғой?! Кім оны істеп жатыр? Біз талқылап, шешім қабылдаймыз, ал іс жүзінде басқаша болады. «Атамекен» ҰКП мәліметіне қарағанда, кәсіпкерлерге 28 мыңнан астам талаптар қойылады. Тимур Мұратұлы (Ұлттық экономика министрі), сен келдің ғой министрлікке, енді осы мәселені шешетін шығарсың?! Үкімет жоспарлы тексерулер тоқтатылғанын, тәуекелдерді басқарудың жаңа жүйелері енгізілгенін, мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшірілгенін мәлімдеп жүр, бірақ та тексеруші органдардың қысқаруы орын алмай жатыр. Біз қысқартқан жерлерде шенеуніктер не үшін отыр? Тексерушілерді қысқартқанымызбен, шенеуніктер саны бұрынғысынша қалуда»,-деді Н. Назарбаев.

Осы орайда Елбасы Үкіметке, Бас прокуратураға және «Атамекен» ҰКП-ға бірлесе қадағалау мен тексеру қызметтерінің санына ауқымды ревизия жүргізуді, сондай-ақ оның нәтижесін бір айдың ішінде баяндауды тапсырды.