Қызылордалық ата-аналар атынан Елбасына сауал қойған Мира Мырзағұлова өңірде бала туу санының артуына байланысты балабақшамен қамту жайы қалай болатындығын сұрады.
Өз сөзін Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген ел болмаса, елім деген бала қайдан шығады?» деген ұлағатты сөзімен бастаған Мемлекет басшысы: «Аз уақыттың ішінде Қазақстанның 65 мың бүлдіршіні балабақшаға баратын болды. Біздің бағдарлама бойынша 2014-2015 жылы 70 пайыз, 2020 жылы 100 пайыз бүлдіршіндер балабақшаға барады деген жоспар бар. Біріншіден, балалардың жас кезінен тәлім-тәрбие алып, ұжымда өсуіне мүмкіншілік жасалады. Екіншіден, ата-аналарына жұмыс істеп, отбасының әл-ауқатын көтеруге жағдай жасайды», - деді.