Елбасы екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеухановқа мемлекеттік награда табыстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада бірқатар тұлғаларға жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныбын табыстаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеухановқа мемлекеттік награда берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан Дулат Құрмашевті ерекше атап өткім келеді. Аса қауіпті қылмыскерлерге қарсы арнайы операция басқарып өткізген ол бірінші дәрежелі «Айбын» орденіне лайық деп санадық», - деп атап өтті Елбасы.

Сонымен қатар мемлекет басшысы бірінші дәрежелі «Айбын» орденін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Асхат Төлеуовке табыстады.

«Қызметін мінсіз атқарып, әскери білімге білікті басшылық жасағаны үшін Жасұлан Жақыповқа екінші дәрежелі «Айбын» ордені беріледі. Биыл құрлық әскерлері арасында өткен командалық дайындық нәтижесі бойынша ол бірінші орынға ие болды», - деді ҚР Президенті.

Дәл осындай орденді Мемлекет басшысы Мемлекеттік күзет қызметінің аппарат басшысы Андрей Калинин мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Пластовецке берді.

«Бейбіт күнде басын қатерге тігіп, екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеуханов ерен ерлік көрсетті. Оның бұл ісі барша жұртқа үлгі. Сол себепті «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өрттен екі баланы құтқарып қалған ҚР ІІМ Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімше командирі Виталий Калмыковты «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

«Әскери қызметте кәсіби біліктілік танытқан Нұрлан Залмұқанов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ол әскери ұшақтың апатқа ұшырауын болдырмай батыл қимылдап адам өмірін сақтап қалды», - деді Мемлекет басшысы.