Елбасы: Екінші қазына - барша этностар ел иесі - қазақ ұлтының маңына ұйысты

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бірлік береке біздің басты байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Бұл туралы бүгін Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Елбасы Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз Жеті қазынаға ие болғанын атап өтті. Бірінші қазына - Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлап жатқан, еркін көсілген біздің Мәңгілік Еліміз.

«Екінші қазына - ел бірлігі. Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды. Барша этностар ел иесі - қазақ ұлтының маңына ұйысты»,-деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент ел азаматтары тілегі мен жаны бір тұтас халық болғанын баса айтты.

«Бірлік, береке біздің басты байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Тұғырымыз - тыныштық, тірегіміз - тұрақтылық, тілегіміз - татулық болса, еліміз тарих төрінен әр уақытта табылатын болады»,-деді Н. Назарбаев.